Профессор Амина Ракишева Мадридте өткен халықаралық кардиология форумында сөз сөйледі
Испания астанасы Мадрид қаласында дүниежүзілік жетекші мамандар мен сарапшылардың басын қосқан халықаралық кардиология форумы өтті. Басқосудың негізгі тақырыбы – жүрек-қан тамыр ауруларының әлем бойынша көбеюі және түрлі деңгейдегі елдердің денсаулық сақтау жүйелері алдындағы ортақ сын-қатерлер болды.
Жиын барысында Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасының кардиолог-дәрігері, медицина ғылымдарының докторы, Еуропалық кардиологтар қоғамының (ESC) мүшесі әрі Heart Failure Association (HFA) жұмыс тобының ресми қатысушысы Амина Ракишеваның баяндамасы ерекше назарға ілікті. Бұл – тарихи оқиға. Себебі алғаш рет Орталық Азия маманы жүрек жеткіліксіздігін емдеуге арналған халықаралық ұсынымдарды әзірлейтін топтың құрамына енді.
Амина Ғалымжанқызы өз сөзінде жүрек жеткіліксіздігіне шалдыққан науқастарды емдеудің жаңартылған тәсілдерін таныстырды. Әсіресе, жүрек аурулары бар жүкті әйелдерге көрсетілетін көмектің маңызына тоқталды. Профессор дамушы елдерде жоғары технологиялы жабдыққа қолжетімділік шектеулі болғандықтан, қарапайым әрі тиімді әдістерді қолданудың өзектілігін атап өтті.
«Жүрек жеткіліксіздігі – тек медициналық емес, тұтас қоғамды алаңдататын мәселе. Ресурсы шектеулі елдерде тиімді әрі қолжетімді шешімдер қажет. Әділдік – әр науқастың орналасқан жеріне немесе табысына қарамастан бірдей көмек алуы», – деді ол.
Ракишева өз баяндамасында жаңа ғылыми деректерді де ұсынды. Оның айтуынша, жүрек жеткіліксіздігінің кейбір клиникалық белгілері бар науқастарда асқыну қаупі 35%-ға жоғары екен. Бұл ауруды ерте анықтап, алдын алу шараларын күшейтудің маңыздылығын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Форум аясында шетелдік әріптестер полипилл – бірнеше әсері бар біріктірілген дәрілерді қолдану тәжірибесін таныстырды. Мұндай тәсіл табысы төмен елдерде жүрек-қан тамыр ауруларының алдын алуды қолжетімді етуге мүмкіндік бермек.
Амина Ракишеваның жұмысы Қазақстан үшін, әсіресе Алматы облысы үшін аса маңызды. Өйткені жүрек-қан тамыр аурулары өңірдегі басты өлім себептерінің бірі болып отыр. Халықаралық ұсынымдарды бейімдеу ауылдық және шалғай жерлердегі науқастарға сапалы медициналық көмек көрсетуге жол ашады.
Профессор өңір дәрігерлерін оқыту, халықаралық тәжірибені енгізу және телемедицина арқылы кеңес беру жұмыстарын жүргізіп келеді. Оның халықаралық деңгейде мойындалуы – Қазақстан денсаулық сақтау жүйесі үшін стратегиялық жетістік.