Алматы облысында 1 млрд долларлық индустриялық жоба іске қосылды

Алматы облысының Талғар ауданында еліміздегі ең ауқымды индустриялық жобалардың бірі — «Қайрат» индустриялық аймағын кеңейту басталды. Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жедел индустрияландыру, өңірлік кластерлерді дамыту және тікелей инвестициялар тарту жөніндегі тапсырмалары аясында жүзеге асырылуда.
🔹 Инвестиция көлемі – 1 млрд АҚШ доллары
Жоба шетелдік серіктес — China State Construction Engineering Corporation (CSCEC) компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылады. 177 гектар аумақта 20-дан астам жаңа өндіріс нысаны бой көтермек. Бұл «Қайратты» бір мезгілде ірі көлемде инвестиция мен қатысушы жинай алған елдегі жалғыз индустриялық аймаққа айналдырып отыр.
📌 Ерекше тұсы — ішкі инженерлік инфрақұрылымды инвесторлар өз есебінен салады. Облыс әкімдігі тек сыртқы желілерді тартады. Бұл бюджет шығындарын айтарлықтай үнемдеуге мүмкіндік береді.
🗨 China Construction өкілі Чэнь Сяоюнь мәлімдегендей:
«Құрылыс мамыр айында басталды. Жоба аясында өндірістік нысандар, логистикалық орталықтар, саябақтар, павильондар, деректер орталығы, әкімшілік ғимараттар мен қонақ үйлер салынады. 20 компания қатысуда. Құрылысты үш жыл ішінде аяқтау көзделуде».
🚗 Жобаның негізгі бағыттарының бірі — автокөлік кластерін құру. Қытайлық автоөндірушілердің қатысуымен автокомпоненттер мен бөлшектерді локализациялау арқылы елдегі автомобиль өнеркәсібін дамытуға серпін беріледі.
📊 Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев:
«Қайрат жобасы — Президент айқындаған стратегиялық міндеттерге сай келеді. Бұл — жаңа жұмыс орындары, экспорт көлемінің артуы және орнықты даму жолындағы нақты қадам. 1 млрд долларлық инвестиция — халықаралық серіктестердің сенімі мен жүйелі жұмыстың нәтижесі».
🔧 Қазіргі таңда «Қайрат» аймағында жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар:
- ТехноНИКОЛЬ Орталық Азия – жылу оқшаулағыш материалдар;
- Safa Industrial – құйма өнімдер;
- QazMetProduct – металл бұйымдар;
- SUNLONG – тау-кен өндірісіне арналған компоненттер;
- Hong Shun – сұйық шыны.
💼 Қазірдің өзінде 146,7 млрд теңге инвестиция тартылып, 3600-ден астам жұмыс орны ашылған.
🗨 Индустриялық аймақ басшысы Ербол Шоқаев:
«Қайрат — жай ғана өндіріс орны емес, бұл — инвесторларға арналған толыққанды экожүйе. Біз жобаларды жылдам жүзеге асыруға мүмкіндік беріп, әкімшілік кедергілерді азайтамыз».
🧭 Жоба Алматы облысындағы 6 индустриялық аймақты дамыту бағдарламасының бір бөлігі болып табылады. Жалпы аумағы 1786 гектардан асатын бұл аймақтарда бірқатар инвестициялық бастамалар қолға алынған. Сонымен қатар, «Алатау» АЭА дамуда — мұнда 3,7 трлн теңге инвестиция тартылып, 34 мың жұмыс орны құрылады деп жоспарлануда