Қонаевта Қытайға экспорт жасайтын заманауи зауыт салынып жатыр: 8 млрд теңге инвестиция және жүздеген жұмыс орны

«Қапшағай бидай өнімдері» өндірістік алаңында үш жаңа зауыт салу бойынша ірі жоба жүзеге асырылуда
Қонаев қаласында өңірдегі ең ірі инвестициялық жобалардың бірі іске асуда. «Қапшағай бидай өнімдері» ЖШС-нің өндірістік алаңында бір мезгілде үш зауыт — өсімдік майы, ұн және жемдік ұн өндіретін кәсіпорындар бой көтеруде. Жобаның жалпы құны – 8 миллиард теңге, қаржыландыру толықтай жеке инвестициялар есебінен жүзеге асуда.
Кәсіпорынның бас директорының орынбасары Ринат Тоқпановтың айтуынша, қазіргі таңда құрылыс қарқынды жүруде: теміржол желілері жаңартылып, қоймалар мен өндірістік ғимараттар салынуда. Жобаға 200-ге жуық құрылысшы тартылған, болашақта кеңейту мақсатында қосымша 2 гектар жер сатып алынған.
Жобаның іске қосылуы осы жылға жоспарланған. Кәсіпорын ішкі нарықты ғана емес, сонымен қатар жылына 1 миллион тоннаға дейінгі өнімді Қытайға экспорттауды көздеп отыр.
Зауыттың тағы бір ерекшелігі — қаптама өндірісі толықтай өз аумағында жүзеге асады. Қазіргі кезде 250 адам жұмыс істеп жатыр, ал жаңа өндіріс іске қосылған соң тағы 300 тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Айта кетейік, Қонаев қаласының инвестициялық жобалар пулында бүгінде 39 жоба бар. Жалпы инвестиция көлемі — 2,4 трлн теңге. Бұл жобалар нәтижесінде 17 000-нан астам тұрақты жұмыс орны ашылады. Қалада қазіргі таңда 12 өндірістік кәсіпорын жұмыс істеп тұр.