Тозығы жеткен электр желілері: Қонаев жаңғыртуға дайындалуда

Алматы облысында электр желілерінің тозуы өзекті мәселеге айналып отыр. Өңірдегі электр желілерінің жалпы ұзындығы 24 мың шақырымнан асады. Бұған қоса, 8 мыңға жуық трансформаторлық қосалқы станция бар. Қазір электр желілерінің 66 пайызы тозған. Қонаев қаласында да жағдай күрделі. Қалалық электр желілерінің 60 пайыздан астамы жаңартуды қажет етеді.

Мамандар алдымен қай учаскелерді жөндеу керегін желілерді тексеру арқылы анықтайды. «Алатау Жарық Компаниясы» жыл сайын жөндеу жоспарын жасап, электр желілерін қаланың әр бөлігінде жаңартып келеді. Соған қарамастан, тұрғындар электр жарығының әлі де жиі өшетінін айтады. Әсіресе, ауа райы құбылып, қатты жел соққанда, жарықтың үзілуі жиілейді.

ДАМИР ДӘУЛЕТХАНҰЛЫ
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ СУМЕН ЖАБДЫҚТАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
- Енді Қонаев қаласы өздеріңіз білесіздер ауа райының өте ерекше сипаты бар. Бұл жақта желдер қатты. Сондықтан бір жылдың ішінде 320-ға жуық өшіру тіркелген. Қонаев қаласында 2 000-нан астам электр желісі бар, оның ішінде барлығы «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ теңгерімінде тұр. 

Өңірде электрмен жабдықтау жүйесін жақсарту үшін жалпы құны 28 миллиард теңгеден асатын 11 жоба жүзеге асырылып жатыр. Нәтижесінде 352 шақырымнан астам электр желісі жаңартылып, қалпына келтіріледі. Соның ішінде Алатау қаласында 19 миллиард теңгеге жуық төрт жоба қолға алынған. Арне елді мекеніндегі нысанға 8,5 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінсе, Шелекте 478 миллион теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ал Кеген ауданында жалпы құны 300 миллион теңге болатын бес жоба жоспарланған. Бұдан бөлек, облыста жаңа қосалқы станциялар салынады. Жоспарланған 16 жобаның бесеуі Қонаев қаласына тиесілі. Қазір оның екеуі жүзеге асырылып жатса, қалған үшеуі жобалау кезеңінде.

ДАМИР ДӘУЛЕТХАНҰЛЫ
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ СУМЕН ЖАБДЫҚТАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
- Биылғы жылы 120 шақырым желілер қайта жаңғыртылды. Ремонт жасалды. Ол мына қазіргі басталып кетті ғой жаңағы жылыту кезеңіне қарсы жасалған іс-әрекеттер. Енді бұдан бөлек Ұлттық жоба шеңберінде 130 шақырымдай желілерді қайта жаңғырту жоспарланған. Ол да жаңағы АЖК АҚ атқаратын жұмыстары. Бірақ олар 2027 жылға ауыспалы жұмыс болып табылады. 

Сонымен қатар «Алатау Жарық Компаниясы» 2026 жылға жоспарланған электр желілерін жөндеу жұмыстарын толық аяқтаған. Кәсіпорын мәліметінше, жыл басынан бері 1179 шақырым электр желісі жөндеуден өткен. Өңірдегі электр желілерін жаңарту жұмыстары алдағы уақытта да жалғаспақ.

Сондай-ақ оқыңыз: