Қарасайда 1 940 жас алғаш рет дауыс берді
Қарасай ауданында да саяси науқан қызу өтті. Тұрғындардың дауыс беруі үшін ауданда 125 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Осында 240 мыңнан астам азамат өз таңдауын жасауға мүмкіндік алды. Сайлаушылар 88 кандидаттың арасынан таңдау жасауы тиіс. Оның 15-і облыстық мәслихат депутаттығынан үміткер.
ШҰҒЫЛА БАЙМҰХАН
ТІЛШІ
- Қарасай ауданы - Алматы облысы бойынша халық ең тығыз шоғырланған аймақ. Мұнда статистикалық мәліметтерге сәйкес, 400 мыңға жуық тұрғын қоныстанған. Бүгін осындай маңызды күнде олардың 240 мыңға жуығы дауыс беру құқығына ие болып отыр. Ал ел болашағы үшін алғаш рет 1 940 азамат өз таңдауын жасауға мүмкіндік алды.
Алғаш рет өз таңдауын жасағандардың бірі - Биназар Әбдірахман. Бойжеткен таңмен таласа келіп, өңір дамуына қатысты өз шешімін қабылдады. Жалпы, Алматы облысында Биназар сынды 18 жасқа толып, саяси науқанға қатысуға 8 296 жас мүмкіндік алды.
БИНАЗАР ӘБДІРАХМАН
ЖАНДОСОВ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
- Алғашқылардың бірі болып келіп дауыс беріп, кітап, тәттілер, сыйлықтар алып жатырмын. Менің ойымша, жастар келіп, өз үлестерін қосу керек. Жалпы, барлық адамдар үшін маңызды ғой Қазақстанның. Алайда қазір жастардың заманы болғаннан кейін жастардың ойы, дауыс бергені қажет.
Сондай-ақ, Қарасай ауданында 299 мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген. Олардың бір бөлігі үйден дауыс беруге мүмкіндік алса, сайлау учаскесіне келгендер үшін де қолайлы жағдай жасалды. Дәлірек айтсақ, ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арнайы дауыс беру кабиналары қойылып, есту және көру қабілеті төмен жандарға қажетті құралдар қарастырылған. Ал мүгедектігі бар азаматтарға сурдоаудармашылар мен инватакси қызметі қолжетімді болды.
ҰЛДАРХАН ӨТЕЕВА
№424 УЧАСКЕЛІК САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
- Біздің №424 сайлау учаскесінде 1 973 сайлаушы тіркелген. Олардың екеуі мүмкіндігі шектеулі жандар. Оларға үйге барамыз. Таңертеңнен бері сайлаушылар белсенділік танытып, өз таңдауларын жасап жатыр. Сайлаушыларға сайлау учаскесінде бар жағдай жасалған.
Облыстық мәслихатқа партиялық тізім бойынша көгілдір, облыстық мәслихаттың бір мандатты округіндегі кандидатты таңдау үшін жасыл және Қарасай аудандық мәслихатының депутаттығына кандидатқа дауыс беруге қызғылт сары бюллетень берілген. Айта кетейік, Қарасай - сайлаушылары ең белсенді аудандардың бірі. Учаскелерде таңнан басталған ұзын-сонар кезек соның айғағы.