Кеген мен Нарынқолға газ қашан жетеді?
Кеген мен Райымбек аудандарына газ тартылатын күн жақын! «Шелек-Кеген-Нарынқол» магистральдық газ құбырының жобасы дайын деді Еңбекшіқазақ ауданында өткен тұрғындармен кездесуде облыс әкімі Шыңғыс Әрінов. Осының арқасында Еңбекшіқазақ ауданында да 21 елді мекен көгілдір отынның қызығын көрмек.
Еңбекшіқазақ облыстың басты аграрлық ауданы. Онда өңірдегі ауыл шаруашылығы өнімінің 22 пайызы өндіріледі. Бұл саладағы өсім биыл тағы 2,5 пайызға өскен. Дәл осындай көрсеткіш үшін су мәселесіне ерекше назар аударылып отыр. Мәселен, 6 ауылдық округке суару желісін салу жобасы дайындалған. Ол 24 мың гектар жерді сумен қамтуы тиіс. Жалпы ауданда ауыл шаруашылығы мен туризмге ерекше басымдық берілген.
ШЫҢҒЫС ӘРІНОВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
- Бүгін ауданда жалпы құны 26,9 млрд теңгеге 5 инвестициялық жоба іске асырылды. Оның ішінде Масақ ауылында құны 8 млрд теңгеге заманауи дәнді-дақылдар кешені іске қосылды. Оның сақтау сыйымдылығын 120 мың тоннаға жеткізу жоспарланып отыр. Ал Тескенсу ауылында жеміс, көкөніс өңдейтін зауыт пайдалануға берілді. Жобаға 9,1 млрд теңге инвестиция тартылып 56 жұмыс орны құрылды.
Сондай-ақ, көгілдір отынды күтіп отырған ауылдықтар үшін де жағымды жаңалық бар. Әсіресе, Кеген мен Нарынқол тұрғындарына. Газды сарыла күтіп жүрген шалғайдағы осы екі ауданға газ баратын күн алыс емес. Құжаты дайын, енді қаржы мәселесі шешіліп жатыр екен. Ал оған дейін, дәлірек айтсақ келер жылы Есік, Түрген, Шелек пен Алмалы ауылына көгілдір отын жетеді. Бұдан бөлек, жеке инвестиция есебінен тағы 6 ауыл газға қосылмақ.
РУСТАМ ИСАТАЕВ
ЕҢБЕКШІҚАЗАҚ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ
- Бүгін ауданда 16 ауыл газға қосылған. Алдағы 2 жылда тағы 32 жаңа ауылды газға қосуды жоспарлап отырмыз. Сонда газдандырылған ауылдар саны 3 есе артып, 48-ге жетеді. Бұл ауданның барлық ауылының 60 пайыздан астамы. Осы 32 ауылдың 10-ы жеке инвесторлардың есебінен, ал 22-сін бюджет қаражаты есебінен газдандыру жоспарланған.
Ауданда шешілмеген мәселелер де жоқ емес. Мәселен Өрікті, Рахат, Талдыбұлақ, Қаражота сынды 7 ауылда фельдшерлік-акушерлік пункттің ғимараты жоқ. Тұрғындар жалға алынған жеке үйлерден ем қабылдауға мәжбүр. Бұдан бөлек, тозығы жеткен мектеп, жөнделмеген жолдарға да мұндағы жұрттың көңілі толмайды.
«Міне Есік-Бөлек жолымыз. Былтыр ақшасына дейін келді. Бірақ ол ақшаның бәрі Түргеннің мостына кетті. Бірақ бір айдан кейін ол мостта ағып кетті. Содан кейін ақшасы да ағып кетті оған да ренжісіміз жоқ себебі ЧС пен кетті. Бірақ іздің жолымыз солай қалды. Біздің жолымыз солай қалды. Скорыймен өту мүмкін емес. Шұрық-тесік емес бірақ жүру мүмкін емес.»
Мәселелер кезең-кезеңімен шешіледі деп уәде берді жауаптылар. Сондай-ақ, ауданда 10 мыңнан астам азамат үй кезегін күтуде. Биыл түрлі санат бойынша 250-ден астам азаматқа жалдамалы пәтер кілті табысталыпты. Әйтсе де құрылыстың сапасы сын көтермейтін көрінеді. Сол үшін енді бұл баспаналардың шатыры мен едені талапқа сай қайта жөнделмесе, мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасалмаса қабылданбайды деп отыр жауаптылар.