Исаев ауылының түйткілі: жарық жиі өшеді, жол жоқ, амбулатория салынбаған
Жарықсыз көше, қаңғыбас ит, құрылысы бітпеген амбулатория! Алматы іргесіндегі Исаев ауылындағы шешімін таппай келе жатқан көп мәселенің тізімі бұл. Оған ойқы-шойқы "жолдың жырын" қосыңыз. Мұндағы жұрт өркениеттен жұрдаймыз деп өкпелі. Алып шаһар Алматыға іргелес бұл ауыл өркениет көшінен шет қалған. Мәселен елді мекенде екі күннің бірінде электр жарығы өшеді. Ал сол тоққа талай нәрсе байланған. Ақыр аяғы тұрмыстық техникадан да жұрдай болдық деп өкпелі тұрғындар.
МӘНСИЯ КӨШКЕНТАЕВА, ИСАЕВ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
- Күнде-күнде міндетті түрде жарық өшеді. Адамдардың техникалары бұзылып жатыр. Жаңа ғана айтып тұр екі тоңазытқыш бұзылып қалды деп. Бұл қазіргі қымбатшылық заманда қандай қиын жағдай. Одан кейін жарық жоқ болса болды, су жоқ.
Жарықтың себепсіз өшірілуін жауаптылар үйлердің көптігінен көріп отыр. Сондықтан, алдағы уақытта электр желілері толықтай ауыстырылып, қуаты жоғары трансформатор қойылмақшы екен. Ал нақты қашан деген сауалға әдеттегідей бюджет қаражаты бөлінгенде деген жауап алдық. Қаражатты күтіп тұрған тек бұл мәселе емес. Ауылдағы амбулатория да әбден тозып тұр.
БЕКАЙДАР МАЛТАБАРОВ
ИСАЕВ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
- Осы жерде қанша мың халық тұрады. Ал медпункт деген ұлы сөзде ұяттық жоқ, қаланың әжетханасынан кішкентай. Ол жерде укол да қабылдайды, система да қабылдайды. 3 адам кірсе, сыртта 10 адам күтіп тұрады.
Тұрғындардың сөзінше, жаңа медициналық нысан салынатын жер кезінде жеке меншікке өтіп кеткен. Кейін ол учаске қайтарылғанымен, құрылысты бастауға енді басқа себеп табылыпты.
АНАР ҚАДІРБАЕВА
ИСАЕВ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
- Бұл жерді қайтарды. Бұл бала адамгершілікпен өзі сатып алған 30 соттық жерді тегін. Енді кеше аудан әкімімен жиналыс болды. Басында жер жоқ деп жүрдік, енді жер бар. «Кім салады?» деп сұрап едім, «Бізде 5-6 жоба бар, сол біткен соң салынады сіздерге», – деді. «5-6 жоба қашан бітеді?» десек, 2-3 жыл дейді. Біз күте алмаймыз.
Мұнда газ бағасы да өскен. Қалта көтере бермейтін қымбатшылықты былай қойғанда жылдар бойы газға қосыла алмай жүрген жандар да бар. Аядай ауылдың мәселесі мұнымен де бітпейді.
ФАРИДА ФАЗЫЛОВА
ИСАЕВ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
- Мына көшенің жастарына жаным ашиды. Машинаның ходовкасы деген нәрсе кетеді ғой. Бір-бір несиеге алып алған машиналар ақырын жүреді. Одан кейін қоқыс жинайтын көлік келеді батады мына көшенің бәрінде.
Қараңғы көше мен қаңғыбас иттің мәселесі де бұл ауылға таңсық емес. Ал әкімдіктің жауабы әдеттегідей дайын.
АЗАМАТ ЖИЕНБАЕВ
ЕЛТАЙ АУЫЛДЫҚ ӘКІМІ ОРЫНБАСАРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ
- Жарық пен жол мәселесі бойынша өткенде тұрғындарға айттым. Жобаны жасап, дайындап Қарасай ауданының жолдар бөліміне берілді. Келесі жылы жолдар жасалатын болады.
Қысқасы, жұртпен кездескен жергілікті әкімдік әдеттегідей уәдені үйіп-төкті. Ал ауылдағы ағайынның күткеннен басқа амалы жоқ.