Алматы облысында жылыту маусымында 93 өрт тіркелді

Алматы облысында күн суытып, жылыту маусымы басталғалы 93 өрт тіркелген. Тілсіз жау бір адамның өмірін қиды. Түсіндіру жұмыстары кешенді түрде жүргізілгенімен, өрт оқиғалары былтырғыдан азаймай тұр. Мәселен, өткен жылы дәл осы уақытта өрт сөндірушілер 89 үйде қызыл жалынды ауыздықтапты. Әсіресе әлеуметтік осал топтағы отбасылар төтеншеліктердің басты назарында. Биыл жылыту маусымында екі мыңнан астам отбасы арнайы есепке алынған. Қазір мамандар үй-үйді аралап, тұрғындарға қауіпсіздік талаптарын түсіндіріп жүр. Бүгінге дейін төтеншеліктер 7 мыңнан астам үйге бас сұққан. Қарапайым ережелерді білу өте маңызды. Талапты орындаған талай отбасы оттан аман қалған. 

ДАНИЛ ЛЕБЕДЕВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ТЖД МЕМЛЕКЕТТІК ӨРТ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ АҒА ИНЖЕНЕРІ
«Электр желісіне шамадан тыс салмақ түсірмеу керек. Сондай-ақ пешпен жылытылатын үйлерде пештің жағдайын үнемі тексеріп отырған жөн. Түтін шығатын мұржаны үш айда екі рет тазалап, пештің сылағын жаңартып, жарықтардың пайда болмауын қадағалау қажет. Бұдан бөлек, пеш жағылған кезде балаларды үйде жалғыз қалдырмай, үнемі бақылауда ұстау керек.»

Сондай-ақ оқыңыз: