«Ифтар» емес, «ауызашар»: мүфтияттан ұсыныс
«Ахи» емес, «бауыр». «Ифтар» орнына «ауызашар»! Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осындай араб сөздерінің орнына қазақша атауларды қолдануды ұсынды.
Апта басында Мемлекет басшысы да «Қазақ тілі» қоғамының құрылтайында осы мәселені көтерген болатын. Негізі, құлшылықтағы тілдің орны мен күнделікті сөз қолданысының аражігін байыппен түсіну маңызды. Құран аяттары мен намазда оқылатын дұғалардың араб тілінде айтылуының өзіндік мәні бар. Ал күнделікті ойымызды қазақ тілінде жатық әрі түсінікті жеткізудің орны бір бөлек.
Мәселен, қазір «ауызашар», «сәресі» деген бұрыннан қалыптасқан қазақша атаулары болса да, «ифтар», «сухур» деп сөйлейтіндер көп. «Ахи», «ухти», «абла», «аби» деп тілдесетіндер де осы санатқа жатады. Мұндайда өз тіліміздегі «бауырым», «ағам», «інім», «әпкем», «қарындасым» деген сөздерді қолданған абзал дейді мүфтият.