Ғылымға бөлінген миллиардтар қайда жұмсалды?

Құмға сіңген қаржы! Жоғары аудиторлық палата ғылымға бөлінген қаражаттың мақсатсыз жұмсалғанын анықтады. Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайыловтың бүгін Құрылтай алдында берген есебіне сәйкес, мемлекет бөлген 51 миллиард теңгеге қатысты қаржылық заңбұзушылықтар анықталған.

ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВ, ЖОҒАРЫ АУДИТОРЛЫҚ ПАЛАТА ТӨРАҒАСЫ
- Ағымдағы жылы ғылым саласындағы аудит қорытындысы бойынша 51 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар, 47 млрд теңгеге қаражаттың тиімсіз жоспарланғаны және пайдаланылғаны, 16 млрд шығын және жіберіп алған фактілер анықталды.

Мемлекеттен миллиардтар бөлінгенімен, біткен іс те шамалы. Аудиторлар 176 ғылыми жобаның аяқталмай қалғанын айтып отыр. Ал сол 176 бастаманы қаржыландыруға бақандай 16 миллиард теңге жұмсалыпты. Ақшаны бөлген кезде де заңбұзушылықтар бар. Мәселен, ғылыми кеңес құрамындағы 225 адамның әрбір үшіншісі зерттеу топтарының құрамында болған. Яғни, өздерінің ғылыми жобаларына өздері комиссияға кіріп алып, ақша бөлдірген. Ғылыми жаңалық деп «жарнамасы жер жарған» жобалардың өзі де жарытпаса керек. Сондай 141 коммерциялық бастаманың үштен бірі ғана пайда әкеліпті. Аудиторлық палата ғылымның теңгесін былтыр да түгендегенін еске салайық. Ол кезде 1 миллиард 700 миллион теңгенің заңбұзушылығы анықталып еді. Жауапты шенеуніктер бұдан нәтиже шығармақ түгілі, іс кері кеткен сыңайлы. Ал осы жолғы іс материалдарын Жоғары аудиторлық палата құжаттап, тізіп, құзырлы орындарға жіберді.

Сондай-ақ оқыңыз: