Кәсіпкерлер тексерістен үш жылға босатыла ма?
Елімізде шағын және орта бизнес субъектілерін тексеруге алдағы қаңтардан бастап тағы үш жылдық мораторий жариялануы мүмкін. Президенттің бұл ұсынысы қазір талқыланып жатыр. Егер шешім қабылданса, кәсіпкерлер үшін үлкен қолдау болмақ. Яғни, мемлекеттік органдар тарапынан жүргізілетін тексерістерге шектеу қойылады. Бұл бастаманы Алматы облысында тіркелген 136 мыңнан астам кәсіпкер де қолдап отыр. Әсел Амагелдіқызы бес жылдан бері оқушылар мен ересектерге арналған оқыту курстарын жүргізіп келеді. Қазір оқу орталығында кадр, өндіріс, бухгалтерлік есеп, қаржы және логопедия бағыттары бойынша мамандар білім алады. Өз ісін дөңгелетіп отырған кәсіпкердің қарамағында 10 адам еңбек етеді. Жолдауда айтылған бастамалар кәсібінің өркендеуіне серпін беріп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады деп сенеді Әсел.
ӘСЕЛ ЖЫЛҚЫБАЕВА
КӘСІПКЕР
«Мораторий кәсіпкерлер үшін шынымен де қажет. Себебі жұмыс барысында түрлі бюрократиялық кедергілерге тап боламыз. Бұл – бітпейтін тексерістер, құжаттар мен есептер. Сондықтан мораторий жариялануын қолдаймыз. Бірақ бұл жауапкершіліктен немесе заң алдындағы міндеттерден жалтару деген сөз емес. Біз бизнестің ашық әрі заң аясында жұмыс істегенін қалаймыз. Мемлекеттік органдар кәсіпкерлерге тек тексеруші ретінде емес, мәселелерді бірлесіп шешетін тарап ретінде қараса дейміз».
Шағын бизнесті дамыту үшін күнделікті сауда-саттық пен жүргізіліп отырған бизнеске кедергісін келтіретін артық тексеріс болмау керек. Бұл ұсынысты кәсіпкерлер қос қолдап құптап отыр. Бастама елімізде алғаш рет емес. Мораторий бұған дейін де болған. Бірақ бұл кәсіпкерлер "білгенін істейді" деген сөз емес.
ОЛЖАС ТІЛЕПБЕРГЕНОВ
ҚАРАСАЙ АУДАНДЫҚ КӘСІПКЕРЛІК БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
«Президентіміз айтып отырған үш жылдық мораторий кәсіпкерлер үшін өте тиімді болар еді. Бұл әр ауданның дамуына, кәсіпкерлердің өз жұмыстарын еркін жүргізуіне мүмкіндік береді. Мемлекеттік органдар тарапынан тексерістер жүргізілмегенімен, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін тиісті мәліметтер жиналып, мониторинг жүргізіледі».
Қазір Қарасай ауданында шағын және орта кәсіппен айналысып отырған 38 мың кәсіпкер бар.
ШҰҒЫЛА БАЙМҰХАН - ТІЛШІ
«Жолдауда сондай-ақ, дәл осы кәсіпкерлерге түсетін салық жүктемесін азайту мәселесі де айтылған болатын. Бастысы шағын және орта бизнеске қойылатын талаптар азайып, артық жүктемелер жоғалмақ.»