400 жұмыс орны: Талғарда қандай жобалар жүзеге асады?
Еліміздегі ең ірі инвестициялық жобалар Талғар ауданында да жүзеге асырылып жатыр. Жаңа бастамалар негізінен өндірістік, логистикалық және инфрақұрылымдық әлеуетті арттыруға бағытталған. Тек Талғар ауданының өзінде жалпы құны 700 миллиард теңгеден асатын 60-тан астам жоба қолға алынған.
Талғар ауданында бой көтеріп жатқан және құрылысы биыл аяқталады деп жоспарланған өндіріс орындарының бірі – осы көпфункционалды кешен. Жобаға 2 миллиард теңге инвестиция салынған. Кешен толық қуатында жұмыс істегенде мұнда астық өнімдерін қабылдау, сақтау, өңдеу және жөнелту процестері жүзеге асырылады. Өндіріс орны жылына 200 мың тоннаға дейін мал азығын дайындауға қауқарлы.
ДИАС ӨМІРСЕРІКОВ
ЖОБА ЖЕТЕКШІСІ
- Біздің кәсіпорынның негізгі бағыты – ауыл шаруашылығы өнімдерін қабылдау, өңдеу, кептіру және сақтау. Сонымен қатар мал азығына арналған жем қоспалары мен құрама жем өндірмекпіз. Негізгі шикізат ретінде Алматы облысынан жүгері, ал еліміздің солтүстік өңірлерінен бидай, зығыр, соя және басқа да дәнді дақылдарды қабылдаймыз. Өңделген өнімдер ішкі нарықтан бөлек шетелге экспортталады.
ШҰҒЫЛА БАЙМҰХАН
ТІЛШІ
- Ал бұл заманауи жылыжайдың құрылысына 17 миллиард теңге инвестиция тартылған. Кешен толық іске қосылғанда жылына 4 мың тонна көкөніс осы жерден нарыққа жөнелтіледі деген жоспар бар. Дәл осы мақсатты жүзге асыру үшін мұнда қияр мен қызанақтың түр-түрі жыл он екі ай бойы өсіріліп, өзінің арнайы қоймаларда сақталмақ. Жобаның басты артықшылығы да осы маусым талғамайтындығында.
Кешеннің жалпы ауданы - 16 гектар. Оның 8 гектарына көкөніс өсіріледі. Ал шамамен 10 мың шаршы метрге арнайы ұзақ және қысқа мерзімді өнім сақтайтын қойма салынып жатыр.
ИЛЬГАМ РАГИМОВ
ALATAU GREEN PRODUCTION ЖШС ДИРЕКТОРЫ
- Біздің жобаның негізгі мақсаты – Алматы облысы мен Алматы қаласын көкөніс өнімдерімен тұрақты қамтамасыз ететін заманауи, жоғары технологиялы жылыжай кешенін құру. Халықты сапалы өніммен қамтамасыз ету. Жоба аясында тек көкөніс өсірілмейді сонымен қатар, халықаралық стандарттарға сай сақтау қоймалары салынады. Бұл жоба өңіріміз үшін маңызды, мұнда 400-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады.
Өңірдегі өндіріс көлемі ұлғайып, өнім сақтау инфрақұрылымы дамыса, делдалдар саны азайып, азық-түлік бағасы да біршама төмендейді деп күтілуде. Қазір бұл бағытта Алматы облысында 49 жылыжай жұмыс істеп тұр. Өнім экспортының көлемі де артып, 1,5 мың тоннаға жеткен.