Жолға қиыршық тас төселді, мәселе шешілген жоқ
Жол азабын жүрген білер! Қарасай ауданындағы Жалпақсай ауылының тұрғындары жолдың жай-күйіне шағымданды. «Жазда көшені шаң басып, көктем мен күзде толарсақтан батпақ кешеміз», – дейді ауыл халқы. Жергілікті әкімдік мәселені биыл шешуге уәде берген екен. Алайда уәде құрғақ сөз күйінде қала ма деп алаңдаған тұрғындар әлі де нақты нәтиже күтіп отыр. Жалпақсай ауылындағы бұл көшеде жақында ғана су құбыры жаңартылған. Жұмыс аяқталған соң жолға қиыршық тас төселіпті. Алайда құрылыс бітті деп мердігер кеткеннен кейін-ақ мәселелер туындай бастағанын айтады тұрғындар. Жолдағы шұңқырлармен бірге су есептегіш құралдары орнатылған құдықтар да топырақпен көміліп қалған. Қазылып, қайта көмілген көшеде қазір жүріп-тұру да қиын.
ЗӘУРЕ МҰХАМЕДОВА
ЖАЛПАҚСАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
«Сапасыз жұмыстардан біз шаршадық. Ең басында істеңдер деп қақсап жүрсек, енді бірдеңе істеп бастап еді, соның барлығы сапасыз. Бірінші жаңбыр жауған күні мына жерде балалар лай-батпаққа батып қалды. Адамдар да, көліктер де жүре алмай қалды».
Ал жауапты шенеуніктер бұл жағдайдан үлкен мәселе көріп отырған жоқ. Су есептегіш құралдары құдықтардың ішінде орналасқанымен, олардың көрсеткіштерін арнайы мамандар тіркеп отырады дейді аудандық әкімдік өкілі.
БЕКЗАТ КӘРІМОВ
ҚАРАСАЙ АУДАНДЫҚ ТКШ ЖӘНЕ ТҰРҒЫН-ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
«Бекдайыр көшесінде жалпы ұзындығы 1,5 шақырым су құбырларын ауыстырдық. Смета бойынша 7 құдық қарастырылған. Біз сметадан тыс қосымша 7 құдық орнатып бердік. Халықтың наразылығын тудырған мәселенің бірі – су өлшегіш құралдарының құдық ішінде орналасуы. Негізінде, заң талаптарына сәйкес, “Тау Самалы” мекемесінің бақылаушылары көрсеткіштерді өздері тексеруі керек. Олар құралдарды фотоға түсіріп, көрсеткіштерін үй иелеріне жібереді. Кейбір тұрғындар су есептегіш құралдарын үйлерінің ішіне де орнатқан».
Жергілікті шенеуніктердің жол мәселесіне қатысты да жауабы дайын. Су құбырларының жоспардан тыс жаңартылуы көшеге асфальт төсеу жұмысын кейінге шегеруге себеп болған.
ЖАНАТ ШӘКІРОВ - ҚАРАСАЙ АУДАНДЫҚ ЖОЛАУШЫ КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
«Проект венера,, тарапынан арнайы материалмен жолды уақытша тегістеу жұмыстары жүргізілген. Атқарылған жұмыстарға тапсырыс беруші Қарасай ауданының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімімен қабылдап алынған жоқ, сәйкесінше қаражат төленбеді. 2027 асфальт жабындысын төсер алдында қайтадан тегістеу жұмыстары жүргізілетін болады.»
Жолға асфальт төсеу жұмысы енді келесі жылға жоспарланған. Оған бюджеттен 20 миллион теңге бөлініп те қойды дейді шенеуніктер.