Үшқоңыр баурайында 10 шақырымдық марафон
Қарасай ауданында студенттер жергілікті жастармен жүгіруден жарысты. Үшқоңырдың баурайында өткен марафон Сүлеймен Демирел университеті мен аудан әкімдігінің бірлескен бастамасы. Университет студенттері мен ауыл тұрғындары атсалысқан шараның мақсаты — бұқаралық спортты, салауатты өмір салтын насихаттау. Әрі тұрғындар арасында жүгіру мәдениетін қалыптастыру, дейді ұйымдастырушылар. Марафоншылар бұл жолы тау бөктеріндегі 10 шақырым қашықтықты бағындырады. Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталады. Қатысушылар үшін концерттік бағдарлама мен түскі ас та ұйымдастырылған. Осылайша, жастар жұртшылықты табиғат аясында салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.
ЖАҢАБЕК ЕРЛАНҰЛЫ, ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ
- Бүгінгі шараның басты мақсаты-студенттермен жастар арасында спортқа деген қызығушылықты арттыру. Бүгінгі іс-шараға студенттер ғана емес, аудан тұрғындары да қатысып жатыр. Бізде марафондар көбінде қала орталықтарында өтеді. Менің ойымша, осындай табиғат аясында, таза ауада, тауда марафон өткізу студенттерге жан-жақты жігер береді деп ойлаймын.
ӘЛИХАН ЫСҚАҚОВ, ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ
- Бұл шара мен үшін өте маңызды. Біріншіден, денсаулыққа пайдалы болса, екіншіден, салауатты түрде дамисыз. Осыған дейін кішігірім марафондарға қатысқанмын. Осы бірінші қатысып отырған үлкен марафоным.