«Әділет» ықшамауданы: қоқыс пен қолайсыздық құрсауында

Қоқысқа қараған күн! Қаскелең қаласында тұтас ықшамаудан тұрғындары тұрмыстық қалдықтардың кесірін тартып отыр. Бала-шаға мектепке бару үшін осы қоқыстың арасымен өтуге мәжбүр. Ал оның маңында қаңғыбас иттер қаптап жүр. Одан қалды, ықшамауданның салынғанына 10 жылға жуық уақыт өтсе де, су, жол, жарық сияқты қарапайым қажеттіліктердің өзі әлі толық шешілмепті. Қала іргесінде тұрса да, өркениет игілігінен алыс тұрғындардың шағымын тілшіміз Құрманжан Қасымжанұлы тыңдап келді.

ҚҰРМАНЖАН ҚАСЫМЖАНҰЛЫ-ТІЛШІ 
- Қарасай ауданы облыс аумағындағы экономикалық және әлеуметтік әлеуеті көш басында тұрған мықты аудандардың бірі. Десе де «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бағытына келсек қоршаған ортаны ластауға да бұл өңір аз үлес қосып жатпаған сыңайлы. Себебі Қаскелең қаласы 4 ықшам аудан іргесіндегі мына бір алаңқай яғни жиделіктердің арасы бүгінде түрлі тұрмыстық қалдықтарға толып кеткен. Әр аттам сайын осындай үйінділерге тап боласыз. Бұл жер балалар жазда доп ойнап асыр салатын, тұрғындар демалатын әсем табиғат аясы емес. Қазір алып қоқыс полигонына айналып бара жатқандай әсер береді.

Іргедегі «Әділет» ықшам ауданы тұрғындары бұған наразы. Көктемнен бері қолға алынып жатқан сенбіліктер мұнда бір рет те ұйымдастырылмапты. 

ЗАМИРА КӨШЕРОВА-ТҰРҒЫН 
- 2021 жылы мамырда осы үйге келдік. Содан бері осы жер қоқыс болып жатыр. Кеше мына жақтағы көршілер трактор әкеліп тазалады. Бұл жер мұнан да жаман болған. Диван, миван дейсіз бе, толып жатқан сұмдық енді.

Қала шетінде үлкен полигонға айналып үлгерген бұл қоқыстан Қаскелеңнің әкімі хабардар екен. Қызметке жақында келгенін айтқан ол, енді аптаға жеткізбей бәрін тазартамыз деп уәде берді.   

АБЫЛАЙ ЗУАЙДА-ҚАСКЕЛЕҢ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ
- Бұл мәселе бойынша біздің тараптан қазірге заң бұзушылықты анықтап учасковилармен бірге жұмыс жасаймыз. Бізде осындай стехиная свалка бойынша тендерді ұтып алған компания бар. Солармен бірге осы аймақтың тазалығын жасайтын боламыз. Бұйырса осы аптада бітіретін боламыз. 

Тұрғындар таң қараңғысынан үйден шығып, қас қарайғанда оралатын оқушы ұл-қыздарының қауіпсіздігіне де алаңдаулы. Себебі мектепке баратын жолды қысқарту үшін балалар осы қоқыстың арасымен өтеді. Ал оның маңында қаңғыбас иттер көп. Қала әкімі бұл мәселені де шешуге уәде беріп отыр. Иттен бөлек, тұрғындардың тұрмысын «ит тірлікке айналдырған» жол, жарық, су мен газ мәселесі тағы бар. Әйтпесе, «Әділет» деп аталатын ықшамауданның құрылғанына 10 жылға жуықтапты.

ИБАТОЛЛА ӘБІШОВ-ТҰРҒЫН
- Бәрін өзіміз жасадық, свет жекеде. Киловатына 52 теңгеден ақша алады. Ал 350 мың теңгеден беріп мына бағаналарды қойдық. Су жоқ, газды да өзіміз тарттық. Сосын жол нашар. Мына жақтан жайлы мектеп салынды. Оған балалар мына қара жолмен барады. Жаңбыр жауса, сары балшық. 

Қоқыс мәселесін бір аптаға жеткізбей шешуге уәде берген әкім ықшамауданның өзге проблемаларына келгенде нақты мерзім айта алмады. Өйткені мұндағы инфрақұрылымды толық жүргізуге қаржы жоқ. Жобалық құжаттаманың өзі келесі жылы ғана әзірленбек. Оның өзі мақұлданса, нақты құрылыс жұмыстары одан кейінгі жылы басталуы мүмкін. Қысқасы, әкімнің жауабына қарағанда, «Әділет» тұрғындары көптен күткен игіліктерге жуық арада қол жеткізе қоймайтын сыңайлы.

Сондай-ақ оқыңыз: