Қоқысқа толған пәтер: көршілердің жанайқайы
Қоқысқа айналған үй! Өтеген батыр кентінде көпқабатты үйдің тұрғындары пәтеріне қоқыс жинайтын көршілерінен құтыла алмай отыр. Қолқаны қабатын иіс өз алдына, ала жаздай үйді құрт-құмырсқа басқан. Санитарлық талап атымен жоқ жерде енді ауру тарай ма деп қауіптенеді олар.
Бұл - Өтеген батыр кентінің тұрғыны. Қоқыс алаңдарынан әртүрлі заттарды тасып, пәтеріне жинайды. Санитарлық жағдайдың нашарлығынан үйде тарақан мен егеуқұйрық қаптаған. Соның кесірін енді көрші-қолаң көріп отыр.
ВЯЧЕСЛАВ ПАНКОВ
ӨТЕГЕН БАТЫР КЕНТІНІҢ ТҰРҒЫНЫ
- Жәндіктер бізге қарай жорғалап келіп жатыр. Мен оның балконына жақын тұрамын. Тарақан, құмырсқа бәрі содан шығып жатыр. Бұрын бізде мұндай болған емес...
Қоқыс жинауды ғылымда «Плюшкин синдромы» деп атайды. Түсірілім тобының пәтерге кіргендегі көрініс соның айғағы. Іші сасық, лас, бейберекет шашылған заттар, әр бұрышта үйілген қап. Мұндай әдет пәтер иесінде жолдасынан айырылғаннан кейін пайда болыпты.
САНЖАР ТҰРСЫНМЕТОВ
ПСИХОТЕРАПЕВТ
- Негізінде бұл ауру. Бұл сараңдық та емес, бұл ұқыпсыздық та емес, оның түсінігінде бұл зат маған керек болып қалады деген жабысқақ ой. Сол маза бермейді, егер оны алып қойсаң, ол деген кәдімгідей көңіл күйі бұзылып, агрессияға дейін баруы әбден мүмкін.
Жиналған қоқысты шығаруға туыстары ғана емес, ауылдың бейжай қарамайтын тұрғындары да бірнеше рет көмектескен. Сөйтіп, көктемде ғана екі жүк көлігімен қоқыс шығарылыпты. Шамамен 20 күн бұрын әйелдің қайта жинап үлгерген дүниелерін шығару үшін тағы да көлік жалдауға тура келген.
ТӨЛЕГЕН ОМАРОВ
ӨТЕГЕН БАТЫР КЕНТІНІҢ ӘКІМІ
- Ертеңнен бастап бірге қоқысты шығаруға қолғабыс етеміз. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасады. Бүгін қызына хабарластық. Ол өзі де шаршағанын, дәрмені қалмағанын айтты. Біз оған жан-жақты көмектесеміз.
Жақын арада пәтер түгел тазартылып, ретке келтірілмек. Жауапты тұлғалар әйелдің қызымен хабарласып, оны психолог мамандар жұмыс істейтін қарттар үйіне немесе психикалық емдеу орталығына орналастыру мәселесін қарастырып жатыр.