Кітап оқитын отбасы – зерделі ұлт негізі

Кітап оқу мәдениетін қалыптастыру – зерделі ұрпақ тәрбиелеудің маңызды тетігі. Осы мақсатта Ұйғыр ауданында «Бір шаңырақ – кітаппен бірге зерделі ұлт» атты әдеби-сахналық шара өтті. Әл-Фараби атындағы аудандық кітапханада ұйымдастырылған рухани басқосу түрлі буын өкілдерін ортақ құндылық – кітап төңірегіне топтастырды.

«Қарадала» халық театрының сахналық қойылымымен өрбіген шарада кітаптың адам өміріндегі орны мен қоғам дамуындағы маңызы кеңінен дәріптелді. Кездесу барысында оқырмандық мәдениетті арттыруға бағытталған бастамалар таныстырылып, ақын Жазира Бақаеваның «Рухтың көз жасы» атты жаңа кітабының тұсауы кесілді. Білім мен әдебиетті насихаттауға үлес қосып жүрген азаматтар да өз ойларын ортаға салды.

ҒАЛИЯ ТОҚАБАЕВА, АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ӘМБЕБАП КІТАПХАНАНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
- Зерделі ұлт» жобасы аясында Алматы облысының 11 ауданындағы кітапханаларға арнайы тапсырмалар берілді. Бүгін Ұйғыр ауданында осы бағыттағы сегізінші шарамыз өтіп жатыр. Басты мақсатымыз – оқырмандардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру. Бүгінгі «Бір шаңырақ - кітаппен бірге зерделі ұлт» тақырыбы ауылдық жерлердегі оқырмандық мәдениетті дамытуға бағытталған. 

Жобаның ерекшелігі – кітап оқуды жеке адамның әдеті ғана емес, тұтас отбасы мен қоғамның ортақ мәдениетіне айналдыруында. Бұл ұстаным сахналық көріністерден де айқын байқалды. Студенттер, кітапқұмар отбасылар, аға буын өкілдері мен жас оқырмандар бір алаңда бас қосып, рухани сабақтастықтың үлгісін көрсетті. Ал театрландырылған қойылым мен поэзиялық композиция әдебиеттің тәрбиелік мәнін көркем тілмен жеткізді.

АРШАГҮЛ ТОЙБАЙ, ЖАЗУШЫ:
- Маған бүгінгі шараның жүзеге асу деңгейі ерекше ұнады. Ұсынған жобамның мазмұны толық ашылды деп айта аламын. Мұнда театр өнері де, кітап оқитын отбасылар да, қариялар мен жастар да бір арнаға тоғысқан. Ең бастысы, ауданның түрлі сала өкілдері жұмылып, ортақ нәтижеге қол жеткізді.

Кітап - ұрпақтар арасындағы алтын көпір. Ал оны оқу - кемел қоғам қалыптастырудың негізі. Ұйғыр ауданындағы тағылымды шара осы бағыттағы ортақ іске тың серпін берді.

Сондай-ақ оқыңыз: