Талғар тұрғындары жолды өздері жөндеп жүр

Жолдың жайын айтып шаршаған! Талғар тұрғындары көшенің ой-шұңқырын өз күштерімен тегістеп, жөндеп жүр. Өйтпеске амал да қалмапты. Шағым талай айтылғанымен, шара қолданған ешкім жоқ. Сондықтан, күрек-саймандарын сайлап, өздері әрекет етуге мәжбүр. 

АҚЖАН АНАПИЯ 
ТІЛШІ 
- Бұл көшенің жөндеу көрмегеніне 30 жыл болыпты. Соңғы жеті жылда тұрғындар бұл мәселені шешуге тырысқанымен, жергілікті әкімдікке дауысы жетпей келеді. Олардың айтатын жауабы осы: Талғарда бұдан да нашар көшелер бар.

Тұрғындар отыз жылда ойдым-ойдым болған жолды шама-шарқынша бетонмен жамапты. Өйткені қыс қаһарына мінгенде, шұңқырлар қар астында қалып, жүру тіпті қиындайды.

ХАЛИДА ЗЕЙНАЛОВА 
ТАЛҒАР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ 
- Біз қазір облыс әкіміне тікелей шыққымыз келіп отыр. Себебі жергілікті әкімдіктегілерден көмек сұраудан ешқандай пайда жоқ. Қыс түссе, көк тайғақ. Ал көктем мен күзде лайда жүруден шаршадық.

Көшенің жоғарғы жағындағы зиратқа апаратын жол да осы. Сондықтан мұнда көлік пен жаяу жүргіншілер қозғалысы жиі. Жол азабынан бөлек, жұрт ауыз су тапшылығын да көріп отыр. Ескі құбырдан келетін судың қысымы мардымсыз.

АМИРЖАН МАНИНОВ
ТАЛҒАР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
- 2019 жылдан бері арыз жазып келе жатырмыз. Бірінішіден су құбыры ескі болғандықтан, жыл сайын қыста сонымен алысамыз. Екіншіден, көшеміз адам жүргісіз, ескі. Асфальтты жаңарту ешкімнің де ойында жоқ. 

Жол әзір жөнделмейтін сыңайлы. Қашан болатынын да жергілікті әкімдік нақты айта алмай отыр. Әуелі тозығы жеткен су құбырларын ауыстыру қажет екен. Оның өзі сағызша созылып келеді. Қала әкімінің орынбасары жобаны жасауға қатысқан да жоқпын деп отыр. 
 

БАУЫРЖАН БАЙБАТЫРОВ 
ТАЛҒАР ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ 
- Аталған уақытта мен болған жоқпын. Сол себепті жобамен айтсам, 2023 жылдың аяғында аудандық ТҮКШ бөлімі бар, солармен бірлескен жобалық смета жасалған. Осы Талғар бүкіл қаланың ішіндегі водопроводные сетей, мына ауыз су құбырларын ауыстыру жұмыстары. Енді сол уақыттан бері барлық құжаттамалары дайын. Тек қана қаражат күтілуде. Қаражат берілсе төрт кезеңмен ауыз су құбырын ауыстыру жұмысы басталады. 

Су құбырының жобасы әзірге қағаз жүзінде. Оның қашан мақұлданып, қашан іске асатыны тағы белгісіз. Ал көшенің жөнделуі одан кейінгі мәселе. 

Сондай-ақ оқыңыз: