Президент Жолдауы Ақши ауылында талқыланды: тұрғындар қандай мәселе көтерді?
Президент Жолдауының негізгі бағыттары Іле ауданындағы ең шалғай елді мекендердің бірі - Ақши ауылында талқыланды. Бұрынғы Мәжіліс депутаты, қазір «Әділет» партиясы Алматы облыстық филиалының төрағасы Данияр Қасқарауов бастаған өкілдер Жолдаудағы басым бағыттарды түсіндірді.
Соның бірі - ауыл шаруашылығына қатысты. Агроөнеркәсіп секторын дамытуға 5 пайыздық мөлшерлемемен 1,5 триллион теңге қаржы қарастырылатыны айтылған болатын. Бұл жаңалық әсіресе ауыл тұрғындарын қуантып отыр. Сонымен қатар Президент 2027 жылды «Жалпы халықтық ауқымды құрылыс жылы» деп атап, әлеуметтік салаға басымдық берілетінін айтқан еді. Яғни алдағы уақытта ел қазынасынан 6,5 триллион теңге бөлінеді. Сөйтіп, өңірлерде мектеп пен аурухана, ауыз су және жол сияқты маңызды әлеуметтік нысандар бой көтермек. Ал ауыл тұрғындары күнде келе бермейтін ақ жағалыларға көңілде жүрген сауалдарын да қойды.
ЖҰМЕКЕН ТӘТТІҒҰЛОВ, АҚШИ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
- Бірінші мәселе-су. Осы су құбыры деген жасалғалы 50 жыл болды. Трасса бұзылып, қайта-қайта жарылып кетіп жатыр. Алдымызда қыс келе жатыр. Соны жөндеп берсе, қатып қалмай тұрып. Екіншіден, біздің ауылда басқа жердегідей емес, газ тым қымбат. Соның бағасын реттеп берсе. Тағы да біздің ауылда балабақшалар жетіспейді. Соған көмектессе дейміз.
ДАНИЯР ҚАСҚАРАУОВ, «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫ АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
- Біз енді жол картасына қарап, облыстың бюджетін саралап, қазір енді күнде кездесу өткізіп жатырмыз ғой. Қайсысынан бірінші бастаймыз. Ең өзекті мәселелерді осы қаражат бөлінетін кезде сол қаражаттың дұрыс жетуін, содан кейін ұзақ жылдар тұрып қалатын нысандар бар. Солардың уақытылы сапалы бітуін қадағалаймыз.