Фермерлерге арналған агрохаб құрылады
Алматы облысының Өтеген батыр кентінде фермерлерге арналған үлкен агрохаб құрылады. Әзірге бұл - жоспар ғана. Қазіргі уақытта мұнда арнайы орталық жұмысын бастады. Егер жергілікті биліктің жоспары ойдағыдай жүзеге асса, диқандар, бағбандар мен мал өсірушілер өздеріне қажетті техниканы Алматы мен Астанаға сабылмай-ақ, өңірден сатып алуға мүмкіндік алады. Әрі мұндай орталық техника сататын компанияларға да ыңғайлы. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қажетті техниканы арнайы бағдарламалар арқылы сатып алып, мемлекеттік субсидияларды да пайдалана алады. Қазір өңірде аграрлық саланы қолдаудың оннан астам тетігі жұмыс істеп тұр. Олардың қатарында шаруаларды су үнемдеу технологияларына көшуге ынталандыратын мемлекеттік қолдау шаралары да бар.
НҰРМӘДИ ӘЛІБАЕВ
«АГРАРЛЫҚ НЕСИЕ КОРПОРАЦИЯСЫ» АҚ АЛМАТЫ ФИЛИАЛЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Бұл жерде жеткізушілер ұсынатын ауыл шаруашылығы техникасының барлық түрі бір орталыққа шоғырландырылады. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы техникасын жеткізушілердің барлығы дерлік Алматы қаласында орналасқан. Бұл фермерлерге қажетті техниканы таңдау, сатып алу және құжаттарын рәсімдеу кезінде қиындықтар туғызады. Сондықтан ауыл шаруашылығы техникасын жеткізушілердің барлығы Алматы облысында агроорталық құру туралы шешім қабылдады.».