Мәдина ісі: жаңа сараптама

Жамбыл облысында жұмбақ жағдайда көз жұмған 19 жастағы келіншектің сүйегі үш айдан кейін қайта қазылып алынып, сараптамаға жіберілді. Өйткені, ата-анасы Мәдинаның өз-өзіне қол салғанына сенбей, арызданған. Енді марқұмның нақты неден өлгенін Алматыдағы сот-сараптамасы қайта анықтап көрмек. Ал әзірге, күйеуіне қатысты суицидке итермелеу бабымен тергеу жүріп жатыр.

ШАХЛО МАТЯКУПОВА
МӘДИНА РАШИДҚЫЗЫНЫҢ АНАСЫ 
- Сенбедім. Әліде сенбеймін. Мен үшін қызым әліде тірі. Қызым күліп қайтып келетін сияқты.Телефон соғатын сияқты.

Мәдина Рашидқызы 18 тамызда 19 жасқа толуы керек еді. Бірақ туған күніне бір күн қалғанда көз жұмды. Қайғылы хабарды анасына қызының құрбысы жеткізген. 

ШАХЛО МАТЯКУПОВА
МӘДИНА РАШИДҚЫЗЫНЫҢ АНАСЫ 
- Тәте, Мәдина қайтып кетті», – деді. Мен оған сенбедім. Меркіге жеткенімде таңғы сағат төрт жарым болған еді. Жол да алыс қой. Алғашында тіпті қызымның денесін де көрсетпеді. «Қызыңыз ауруханада» деді. Аурухананың мекенжайын да бермеді. Бәрін менсіз-ақ шешіп қойған.

Марқұмның анасы алғашқы сараптама өзінің келісімінсіз жүргізілгенін айтады. Ал екінші зерттеудің қорытындысы небәрі 18 минутта дайын болған. Осыған күмәнданған туыстары тәуелсіз мамандардың қатысуымен қайта сараптама жүргізуді талап еткен. Ақыры олардың өтініші қанағаттандырылып, эксгумация жасалды.

ШҰҒЫЛА БАУЫРЖАНҚЫЗЫ
АДВОКАТ  
- Эксгумация жасау себебіміз- бірінші жасалған экспертизаға қатты сеніңкіреген жоқпыз. Сол себепті тағы да бір рет Мәдина Рашидқызының анасының рұқсатымен, сот қаулысымен денесін қазып алып мәйітханаға өткіздік. Қазіргі таңда экспертиза жүргізіліп жатыр.

Қазір іс бойынша тергеу жалғасуда. 105-ші бап бойынша, яғни өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу дерегімен қылмыстық іс қозғалған. Өлімнің нақты себебін де енді сот-сарапшылары үшінші рет анықтап көрмек.

МИРЖАН БАЙСАДЫҚОВ
АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ СОТ САРАПТАМАСЫ ИНСТИТУТЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ 
- Қазіргі уақытта бұл іс біздің өндірісімізде жатыр. Әзірге қандай да бір мәліметті жария ете алмаймын. Барлық зерттеу жұмыстары аяқталғаннан кейін сарапшының қорытындылары жасалады. Онымен сараптама тағайындаған тергеу органдары арқылы таныса аласыздар.

Мәдинаның өліміне қатысты қоғам талқысына түскен тағы бір жайт — қайғылы оқиға алдындағы отбасылық жанжал. Марқұмның құрбысының айтуынша, баласына алған Барни тоқашын Мәдинаның өзі жеп қойып, сол үшін күйеуінен оңбай таяқ жеген. Отбасындағы озбырлық жүйелі түрде жалғасқанын да айтқан еді сол құрбысы. Бұл мәліметтерді полиция әзірге растаған жоқ. Ал қайталама сараптаманың қорытындысы отбасының күдігін сейілте ме? Мәдинаның өліміне қатысты жайттардың бәрі енді анықталуы мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз: