Үйлерде түтін және газ датчиктері міндетті түрде орнатылады
Аяздың "көкесі" әлі алда! Үкімет басшысы бүгін Төтенше жағдайлар министріне қыс қаһарына мінбей тұрып, жылуға қатысты профилактикалық жұмысты күшейтуді тапсырды. Алаңдауға негіз бар. Күн суытса, жұрт жаппай жылытқыш құрылғыларды пайдалануға көшеді. Былтыр осының кесірінен өрт жиілеп, талай адамның өмірі қиылды. Төтеншеліктер енді демалыс, мереке күндері үй-үйді аралап, қауіпсіздіктің маңызын түсіндіруі тиіс. Оған полиция, еріктілер мен әкімдік қызметкерлері де тартылсын деді премьер-министр Бектенов. Газ баллондары да басты қауіптің бірі. Оны дұрыс қолданбаудың салдары үлкен апаттарға әкелгенін білеміз. Төтенше жағдайлар министрлігі өрт сөндіру техникаларына арнайы орын дайындау мәселесін де көтерді. Әсіресе, көпқабатты үйлердің ауласында енді кемі бір орын төтеншеліктер үшін бос болуы қажет деп есептейді жауапты министрлік.
МҰРАТ МҰХАНОВ
ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРІ
- Мұндай проблемалар бұрын да болды, қазір де кездеседі. Әсіресе түнгі уақытта жиі тіркеледі. Бұл мәселені шешу үшін өрт сөндіру бөлімдерінде эвакуаторлар мен көлікті астынан көтеріп, алып шығуға арналған арнайы құрылғылар бар. Дегенмен, қазіргі уақытта заң жобаларына бірқатар ұсыныс енгізілді. Қазір олардың қабылдануын күтіп отырмыз. «Азаматтық қорғау туралы» заңға да тиісті өзгерістер ұсынылды. Бұл бағытта әкімдіктермен бірлесіп жұмыс жүргізіп жатырмыз.