Райымбекте туризм мен ауыл шаруашылығы қарқын алды
Табиғаты тұмса, тарихы терең Райымбек ауданында әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны артып келеді. Биылғы тоғыз айда өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығында өсім бар. Инвестициялық жобалар мен кәсіпкерлік бастамаларға серпін берілген.
Биылғы тоғыз айда ауданда ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 41 миллиард 860 миллион теңгеден асқан. Өнеркәсіп өндірісі 1 миллиард 100 миллион теңгеге жуықтаса, өңірге тартылған инвестиция көлемі 9,5 миллиард теңге шамасында. 42 мың гектардан астам жерге егін егіліп, 54 мың тоннадан астам картоп жиналыпты. Мал шаруашылығында да өсім байқалып, ет, сүт және жұмыртқа өндірісі артқан.
ДАСТАН ҚҰДАБАЕВ
РАЙЫМБЕК АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ
- Енді ауыл шаруашылық саласында да бізде 106%-ға былтырмен салыстырғанда жетіп отырмыз. Ол жерде негізгі мәселе мына төрт түлік малдың өз төлі есебінен көбеюі. Сондай-ақ мына мемлекеттік бағдарламаларға қатысты «Ауыл аманаты» бар, басқа да жаңағы мемлекет тарапынан беріліп жатқан игілік, береке бағдарламаларымен қазір шаруақожалықтар мал әкеліп жатыр.
Райымбек ауданының туристік әлеуеті де айрықша. Хан-Тәңірі мен Шәлкөденің көркем табиғаты, Байынқол мен Шұбарталдың сұлу көрінісі саяхатшыларға қызық. Жыл басынан бері ауданға шамамен 100 мың турист келген. Қазіргі таңда өңірде 36 туристік нысан жұмыс істеп, 300-ден астам маусымдық киіз үй қонақтарға қызмет көрсетуде. Туризмнің тынысын ашатын басты бағыттың бірі – жол. Биыл туристік бағыттағы 95 шақырым жолды жөндеу жоспарланған.
ДАСТАН ҚҰДАБАЕВ
РАЙЫМБЕК АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ
- Бүгінгі күні жалпы құны 5 миллиард болатын төрт бағытта жолдарды бастадық. Биыл Шәлкөде жайлауына баратын жалпы ұзындығы 32 шақырым жолдың құрылыс жұмыстары бітті. Ал енді мына Көккемер, сондай-ақ Шұбартал, Байынқол аңғарларына баратын жолдар олар, ауыспалы нысандағы құрылыстар. Биыл жұмыстары басталды.
Бүгінде ауданда 20 орта мектеп пен екі бастауыш мектеп жұмыс істейді. Денсаулық сақтау саласында 20 медициналық мекеме халыққа қызмет көрсетуде. Сонымен қатар, аурухана мен ауылдық амбулаторияларды күрделі жөндеуден өткізуге арналған жобалық құжаттар әзірленген. Сондай-ақ, тұрақты жұмысқа орналастыру жоспары 650 адам болса, нақты 727 азамат еңбекпен қамтылған.