Елді мекендерге шұғыл көмек жақындай түсті

Алматы облысында қауіпсіздікке қатысты екі бірдей нысан іске қосылды. Қонаевта жарты ғасырдан астам тарихы бар өрт сөндіру депосы күрделі жаңғыртудан кейін қайта ашылса, Нұрғиса Тілендиев ауылында өрт сөндірушілер, полицейлер мен жедел жәрдем қызметкерлері бір ғимаратқа орналасты. Енді үш елді мекеннің тұрғындары шұғыл көмекті бұрынғыдай ұзақ күтпейді деген үміт бар.

Алматы облысында 373 елді мекен бар. Алайда шалғай ауылдардың біразында өрт сөндіру бекеті болмаған. Төтенше жағдай туындаса, көмек орталықтан жетіп, кейде сағаттап күтуге тура келетін. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін өңірде өрт сөндіру бекеттері жаңартылып, жаңалары ашылып жатыр. Соның бірі-1969 жылдан бері жұмыс істейтін Қонаевтағы №1 депо. Мұнда алты арнайы көлікке арналған жаңа ғимарат салынып, бөлімшенің техникалық әлеуеті 12 бірлік техникамен толықты.

МҰРАТ МҰХАНОВ
ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРІ
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен азаматтық қорғау саласының инфрақұрылымы мен материалдық-техникалық базасын күннен күнге нығайтуға, жаңартуға және жеке құрамның жауынгерлік қызметін жақсартуға көңіл бөлінуде. Енді алдағы уақытта да осындай тапсырмалар бар. Алматы облысы әкімдігімен кезең-кезеңімен осы жұмыстарды жалғастыратын боламыз.

Ал Нұрғиса Тілендиев ауылындағы жаңа бекет бірден үш елді мекенге қызмет көрсетеді. Нысанды меценат өз қаражатына салып, мемлекетке тегін тапсырған. Бір ғимаратта өрт сөндіру бөлімі, полиция пункті мен жедел жәрдем орналасқан. Техникаларға арналған орын, диспетчерлік және қызметкерлердің тынығуына қажетті бөлмелер де бар. Мұнда сегіз маман кезекшілік етеді.

ЖЕҢІС АМАНТҰРЛИЕВ
НҰРҒИСА ТІЛЕНДИЕВ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
- Жедел жәрдем шақырғанда бір сағат, отыз минут күтетінбіз, әрқалай. Өрт сөндірушілер де солай болатын: бір сағат, бір жарым сағат. Осы уақытқа дейін өрт сөндірушілердің тез келгенін көрмедім. Енді ауылымызда мұндай жаман жағдай болмасын. Жасап жатқан жұмыстары өте тамаша.

ШЫҢҒЫС ӘРІНОВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
- Біз үшін бұл - жаңа тәжірибе, пилоттық жоба. Осындай ауылдық жерде бұндай деңгейдегі ғимарат алғаш рет ашылып жатыр. Өйткені бұрыңғы біздің осы медицина қызметкерлерінің дәл осы жерде қалай қызмет еткенін өз көзіммен көрдім. Енді қазіргі объект ол жер мен көктей деп айтсам болады. Барлық жағдай жасалған өздеріңіз үшін.

Салтанатты жиында ел тыныштығы мен тұрғындар қауіпсіздігі жолында аянбай еңбек етіп жүрген бірқатар құтқарушы марапатталды. Жаңа нысандардың ашылуы өңірдегі қауіпсіздік қызметінің әлеуетін арттырып, тұрғындарға шұғыл көмектің дер кезінде жетуіне жол ашпақ. Енді шалғай ауылдардың да қауіпсіздігіне баса мән беріледі.

Сондай-ақ оқыңыз: