Көптен күткен мәселелер көтерілді
Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов Балқаш ауданының тұрғындарымен кездесіп, бүгінге дейін атқарылған жұмыстардың есебін берді. Аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен алдағы жоспарлар да таныстырылды. Аудан тұрғындарында да сұрақ, ұсыныс-пікір қордаланып қалған екен. Өңір басшысы сан сауалға жауап беріп, алда жүзеге асырылатын міндеттер айқындалды. Балқаш ауданы тұрғындарын толғандырған мәселе аз емес. Соның бірсыпырасы - жол, газ, ветеринария және электр желілерінің жайы. Мәселен, Ақжар ауылының тұрғыны былтыр газ құбыры тартылғанымен, елді мекен халқы әлі күнге дейін көгілдір отынға қосыла алмай отырғанына шағымданды.
- 2026 жылы бізге көгілдір отын келеді деп сондай қуанышқа бөлеп еді. Мінекей, қылышын сүйретіп қыс келе жатыр Сол газ көгілдір от бізге әлі жүрмей тұр.
Шенеуніктер бұл проблемадан хабардар. Мәселе қаржыға тіреліп тұр екен. Дегенмен, келер жылы іске кірісеміз деп уәде берді жауапты басқарма басшысы.
НҰРЛАН ӨМІРХАНОВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ СУМЕН ЖАБДЫҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
- Бұл бағытта бізде үш жоба бар. Ақжар ауылындағы газ құбырының құрылысы былтыр аяқталды. Алайда ауылға газ Үшжармаға тартылатын құбыр арқылы жеткізілуі керек. Өкінішке қарай, Үшжармаға газ құбырын тартуға әзірге қаражат бөлінбеді. Сондықтан Ақжарға да газ жетпей отыр. Бұл жоба бойынша мердігер анықталған. Қазір оның негізгі нысандарының біріне қаражат бөлініп жатыр. Соның есебінен осы учаскеде де құрылыс жұмыстарын бастауға ықпал етеміз. Келесі жылы жұмысқа кірісуді жоспарлап отырмыз.
Топар – Қаншеңгел» автожолы да әбден тозған. Тұрғындар тас жолдың осы бөлігін тезірек жөндеуді сұрады. Әкімдіктің бұған да жауабы дайын.
ЕРМЕК БАЙМҰХАМБЕТОВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ЖОЛАУШЫ КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
- Балатопар, Құйған және Қаншеңгел арқылы өтетін жол облыстық маңызға ие. Қазіргі уақытта мердігер ұйым Қасымбек және Мыңбаев ауылдарында жоспарға сәйкес шұңқырларды жөндеп жатыр. Екі күн ішінде ол жердегі жұмысты аяқтап, осы учаскеге кірісеміз.
Бақанас ауылындағы Алтынсарин көшесінің жөндеу жұмыстарының ұзақ уақыттан бері аяқсыз қалғаны да тұрғындар назарынан тыс қалмады. Жұрт созбалаңға салынған мәселенің тезірек шешіліп, көшенің жөнделуін сұрайды.
- Алтынсарин көшесі әлі жасалған жоқ. Жылда-жылда ақшасы бөлінеді, бірақ жасалмайды. Қаншама халық қиналуда.
АЗАТ ҚҰТПАНБЕТОВ
БАЛҚАШ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ
- Алтынсарин көшесіндегі жөндеу жұмыстары бес жылдан астам уақыттан бері созылып келеді. Бұл жерде екі мердігер жұмыс істеген. Сот процестері толығымен аяқталды. Қазір бұл мәселемен прокуратура мен сот орындаушылары айналысып жатыр. Жоба қайта әзірлеуге жіберілді. Ол толық дайын болғаннан кейін, жөндеу жұмыстарын келесі жылдың жоспарына енгіземіз.
Шыңғыс Әрінов тұрғындар көтерген мәселелердің бірде біреуі назардан тыс қалмайтынын айтты. Олардың орындалуы енді әкімнің жеке бақылауында. Жалпы, Балқаш ауданының әлеуеті жыл жақсарып келеді. Тек биылдың өзінде ауданға 8 млрд 700 миллин теңге инвестиция тартылыпты. Ал ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 33 млрд теңгеден асқан.