Тоқаев қазақ тілінің тазалығына назар аударды
Қазақ тілі - ұлтты ұйыстыратын, өркениетіміздің өрісін кеңейтетін «жұмсақ күшке» айналды! Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының құрылтайына қатысқан президент мемлекеттік тілдің дамуына осындай баға берді. Мемлекет басшысы бұл ретте Димаш Құдайберген, Самал Еслямова сияқты әлемге танымал қазақтарды мысалға келтірді. Ал қазақ барда - қазақ тілі тұғырдан түспек емес. Өткен замандарда қара халықтың, әдебиетшілер мен басқа да зиялы қауымның арқасында саяси қысымға дес бермеген ана тіліміздің дамуына қазір барлық жағдай жалсалған. Қазақ тілі - технология тіліне де айналып келе жатыр. Сан алуан цифрлық платформалар қазақша қызмет көрсетуде. Дегенмен, әттеген-ай дейтін тұстары да бар. Қазір қазақ тіліндегі қылтима, субұрқақ, күйсандық сынды кейбір сөздер, ұғымдар, тіпті, түсініктер әртүрлі қолданылып жүр. Бұл – жылы жауып қоя салатын жеңіл-желпі дүние емес деді президент. Себебі мұндай жағдай жұртты шатастырып, тіл тазалығына кері әсерін тигізеді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
- Тіл ғылымына қатысты әмбебап, бәріне қолжетімді цифрлық жүйе әзірлеу маңызды. Бұл міндетті мемлекеттік деңгейде сапалы орындау үшін құрамына кәсіби тіл мамандары, ғалымдар, сарапшылар мен жалпы қоғам өкілдері кіретін арнайы жұмыс тобын құрған жөн деп санаймын. Жұмыс тобының қызметін үйлестіру президент әкімшілігіне жүктеледі.
Сондай-ақ жиында президент елді табиғатқа ұқыпты қарап, қоғамдық тәртіпті ұстануға шақырды. Азаматтардың қоршаған ортаға жанашырлықпен қарап, ниеті мен тілінің тазалығын сақтауы аса маңызды. Келер жылы «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» болмақ. Тұтас Қазақстан үлкен құрылыс алаңына айналады. Жоспар ауқымды. Ал "Заң мен Тәртіп" қағидатын қысым жасау құралы ретінде көрсеткісі келетіндерге қатысты қатаң шара қолданылады деп ескертті президент.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
- Әлемде саяси, экономикалық, идеологиялық шиеленістер ушығып тұр. Осындай алмағайып кезеңде әлемнің болашағын болжау өте қиын екені түсінікті. Мұндай заманға біздің бір ғана жауабымыз бар. Бұл – бірлігімізді бекемдеп, ортақ мүддеге күш жұмылдырып, ұлттық жауапкершілігімізді терең сезіне отырып, қасиетті Отанымыз – Қазақстан Республикасына адал қызмет ету. Түптеп келгенде, Егемендікті нығайту – халықтың әл-ауқатын арттыру, жаңа технологияларды жетік меңгеру, заңды құрметтеу, тәртіпке бағыну, өзара жанашыр, еңбекқор, жасампаз болу, табиғатты аялау деген сөз.