Надежда Лушникова өмірден өтті

Белгілі ақын, айтыскер Надежда Лушникова 86 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Саналы ғұмырын ол қазақ әдебиеті мен мәдениетін дамытуға арнады. Ұлылардың батасы мен бағасын алған ақын қыз артына өшпес із бен мәңгілік мұра қалдырды. 

«Сенің кішкентай ғана қарлығаштай орыс жүрегің қазақтың жырын қалай әдемі ұялатқан»,- бұл қазақ тілінде сөз саптаған қаршадай қызға ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің берген бағасы. Надежда Лушникова 1960 жылдардың басынан бастап айтыс сахнасында жарқырады, қара өлеңнің қадірін қашырмай, абыройын асқақтатты. Елдің алғысына бөленді, ел ағаларының батасын алды.

НАДЕЖДА ЛУШНИКОВА                         
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ӨНЕР ҚАЙРАТКЕРІ (1940-2026)
«Менің айтыстарыма да қатысты Бауыржан Момышұлы. Сол Шымкентте өткен 1965 жылғы айтыста: «Надя, шеберлігің үшін», — деп алтын сағат сыйлады. Сондай бір жарастықта өмір сүрдім мен үлкен кісілермен. Бір қарасам, Сырбайым тұр, бір қарасам, Әбділда Тәжібаев, бір қарасам, Әуезов»

Надежда Лушникова 1940 жылы Шамалған ауылында дүниеге келген. Қазақ ортасында өсіп, қазақ тілінде білім алған ол өмірін әдебиет пен ұлттық өнерге арнады. Ақындықты серік еткен ерекше талант иесі. Қағытпа қалжың, салмақты сөз, уытты әзілімен жұрттың ыстық ықыласына бөленді.

Сөз дүлдүлі жас талапкерлерге де жол көрсетті. Айтыс мектебін ашып, дәстүрлі айтыстың мақамдарын үйретті. Тұлғадан тәлімін алған шәкірттер қатарында кейін елге танылған Оразалы Досбосынов пен Ақан Әбдуәлиевтер. 

Ақынның қаламынан туған алғашқы шумақтар Қызылорда облыстық «Ленин жолы» газетінде 1958 жылы жарияланды. Кейін «Елім менің» және «Көңіл қошы» атты жыр жинақтары жарық көрді.

НАДЕЖДА ЛУШНИКОВА                         
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ӨНЕР ҚАЙРАТКЕРІ (1940-2026)
«Менде арман жоқ.

Өлеңнің мінгізді деп сағым атын,

Мені де шығарсыздар сағынатын.

Қазақтың жүрегінің жалыны ғой.

Жыр қайда онсыз маған ағылатын.»

Иә, ақын қызын қазақ жұрты мәңгі сағынары сөзсіз. Бірақ жыр дүлділінің қасиетті қара өлеңі тұрғанда жарқын бейнесі еш ұмытылмақ емес. 

Сондай-ақ оқыңыз: