Айыппұлдың орнына шай: полицейлер жүргізушілерді ерекше тәсілмен тоқтатты
Алматы облысының тәртіп сақшылары жол бойында ерекше демалыс ұйымдастырды. Бұл жолы олар тоқтатқан көлік жүргізушілеріне айыппұл жазған жоқ. Керісінше, ыстық шай мен кофе, салқын су ұсынды. Бұл профилактикалық шара бір күндік науқанмен шектелмейді деп отыр Полиция департаменті. Ал жүргізушілер аң-таң. Өйткені, тоқтатқанда планшетін ала жүгіретін сақшылар бүгін тым қонақжай. Акцияның алғашқы күнінің өзінде-ақ ондаған жүргізуші тоқтап, арнайы жасақталған бұрыштың көмегін көрді. Арасында алыс жолдан келе жатқан жолаушылар мен жүк көлігінің жүргізушілері де бар. Тәртіп сақшылары осылайша ұзақ жолда шаршағандарды бір сергітіп алмақшы. Өйткені, рөлде қалғып кетуден болатын жол апаттарының саны аз емес.
ЕЛАМАН БАШКЕЙ
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ПД ПАТРУЛЬДІК ПОЛИЦИЯ БАТАЛЬОНЫ КОМАНДИРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
- Біздің міндетіміз тек жол қауіпсіздігін бақылау ғана емес, ең алдымен адамдарға қамқорлық көрсету. Егер шаршасаңыз немесе ұйқыңыз келсе, тәуекелге бармаңыз. Көлікті қауіпсіз жерге тоқтатып, демалып алыңыз. Жолды тек өзіңізді жақсы сезінген кезде ғана жалғастырасыз. Естеріңізде болсын, бірнеше минуттық демалыс адам өмірін сақтап қалуы мүмкін.