Құрылтай депутаттары Іле тұрғындарымен кездесті
Мемлекет басшысының биылғы Жолдауын түсіндіруге бағытталған ақпараттық кездесулер Іле ауданында жалғасты. Ғылым мен білімді, адам капиталын дамыту да «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдаудың басым бағыттарының бірі. Іле ауданында ашық диалог форматында өткен кездесуде осы тақырыптар кеңінен қамтылды. Жиынға Құрылтай депутаттары, мемлекеттік орган басшылары, республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері мен азаматтық қоғам өкілдері қатысты. Олардың қатарында жергілікті мұғалімдер, дәрігерлер және басқа да сала мамандары болды.
Астанадан келген депутаттар Жолдауда Мемлекет басшысы айқындаған басым бағыттар мен нақты тапсырмаларды түсіндіріп, оларды жергілікті деңгейде жүзеге асыру жолдарына тоқталды. Ашық диалог форматында өткен кездесуде тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныстарын жеткізді.
ЖАНАРБЕК ӘШІМЖАН, ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТЫ
- Іле ауданы – өңірдегі ең қуатты, іргелі аудандардың бірі. Соған орай халық бұл жолдаудан өздеріне қажетті тұстарды түртіп алып, оған сеніммен қарап отыр. Сондай-ақ, тек мемлекеттік деңгейде ғана емес, өз тараптарынан да бақылау жүргізетіндерін жеткізді. Әлеуметтік қызметкерлердің мәселесі, ең төменгі жалақыны көтеру арқылы қоғамдағы экономикалық кеңістікті реттеуге қатысты тұстарды қолдайтынын білдірді.