Цифрлық қауіп-қатерлер: әлем ортақ шешім іздеуде
Жасанды интеллект адам өмірін жеңілдеткенімен, оның қауіпсіздігіне қатысты сұрақ та аз емес. Жаңа технологияның адамзатқа төндіруі мүмкін қаупінің алдын алу жолы қандай? Дәл осы мәселе Астанада өтіп жатқан Ақаба процесінде талқыланды. Ақаба процессі - 2015 жылы Иордания королі Екінші Абдалла бастаған терроризм мен зорлықшыл экстремизмге қарсы халықаралық ынтымақтастық алаң. Халықаралық саммитке Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Иордания королі Екінші Абдалла, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан президенттері, Әзірбайжан мен Қырғызстанның өкілдері қатысып жатыр. Жалпы, соңғы жылдары Қазақстан мен Иорданияның цифрлық саладағы ынтымақтастығы артып келеді. Иордания тарапы еліміздің мемлекеттік қызметтерді цифрландыру мен қаржы технологияларын дамыту тәжірибесіне ерекше қызығушылық танытып отыр.