Жабайы жануарлар күзде түгенделеді
Табиғаттағы тепе-теңдікті сақтау үшін маңызды. Шарын ұлттық табиғи паркінде аң мен құстың күзгі санағы жүргізілді. Қорықты күні-түні аралаған мамандар жануарлар популяциясының жай-күйін бағалап, табиғи ортадағы өзгерістерге мониторинг жасаған. Алматы облысының Ұйғыр, Еңбекшіқазақ және Кеген аудандарының аумағын қамтитын Шарын ұлттық паркі - биоалуантүрлілігімен ерекше мекен. Мұнда жануарлардың 34, құстардың 100-ден астам түрі бар. Арасында Қызыл кітапқа енген сирек жануарлар да аз емес. Сондықтан мұндай есеп жұмыстары табиғатты қорғау шараларын жоспарлауда өте маңызды.
ТАЛҒАТ БАЙБОЛАТОВ-«ОХОТЗООПРОМ» ҚЫЗМЕТКЕРІ
- Қызыл кітапқа кірген аңдар бізде өте көп. Қаскерліктің алдын алу мақсатында парк қызметкерлерімен бірлесіп жұмыс істейміз. Қызыл кітапқа енгізілген қарақұйрық санағы екі мезгілде жүргізіледі. Біреуі көктемде, сосын күзде санақтарды бірлесіп, осы санақтарға қатысамыз бізде.
Биылғы бақылау барысында табиғи ортадағы бірқатар өзгеріс назарға іліккен. Атап айтқанда, Сарытоғай аумағында шибөрінің 45 басы тіркеліпті. Бұл жыртқыштың көбеюі қырғауыл, құм қояны мен борсықтың санына кері әсер етуі мүмкін екен. Ал өндірістік жұмыстар таутекелерінің көші-қон бағыты мен тіршілік ортасына айтарлықтай салмақ түсіруде дейді мамандар.
ЖІГЕР САРТБАЕВ-ШАРЫН МҰТП ДИРЕКТОР ОРЫНБАСАРЫ
- Шарын ұлттық табиғи паркінде төрт түрлі Қызыл кітапқа енген жануарлар бар. Атап айтсақ: қарақұйрық, сабаншы, Орта Азия кәмшаты және Түркістан сілеусіні. Енді біздегі қазіргі таңда қарақұйрықтарға санақ жұмыстарын жүргізудеміз, қалған үш жануарды біздегі фототұзақтар арқылы және із қарау арқылы санақ жұмыстарын ұйымдастыратын боламыз.
Жануарлардың табиғи ортада еркін тіршілік етуі үшін парк аумағында биотехникалық шаралар да қолға алынған. Бұлақ көздері тазартылып, қосымша суаттар жасалыпты. Ал қысқы азыққа 4 тоннадан астам жүгері дайындалған. Мұндай жүйелі жұмыстар сирек кездесетін аң мен құс түрлерін сақтау үшін жасалады.