20 жыл күткен баспана: Талғарда 26 отбасы қоныс тойын тойлады
Талғар ауданында 26 отбасы жаңа баспананың кілтін алды. Қуанышқа кенелгендердің арасында көпбалалы отбасылар мен ұзақ жыл баспанасыз жүргендер бар. Өңірде жыл басынан бері 259 отбасы баспанамен қамтамасыз етілсе, тағы 72 отбасына жеңілдетілген несие берілген. Жанна Құрманбекова бұл сәтті 20 жыл бойы аңсағанын айтады. Көптен күткен «өз үйі, өлең төсегі». Енді ол үш баласымен бірге кең де жарық пәтерде өмір сүреді. Қуанышты сәтке сенер-сенбесін білмеген ана, бұл күнді өміріндегі ең бақытты күндердің бірі деп бағалады.
ЖАННА ҚҰРМАНБЕКОВА
ТҰРҒЫН
- Қуаныштымын, әлі де толқып тұрмын негізінде. Үш балам бар, ұлым бар, екі қызым бар. Толық емес отбасына жатамын. Алматы облысының әкімдігіне рахмет, баспана кең, әдемі көңілден шығып жатыр негізі.
Салтанатты шараға өңір басшысы Шыңғыс Әрінов қатысып, пәтер кілттерін табыстады. Артынша жаңа үйлердің ішін аралап, жағдайды өз көзімен көрді. Өңір басшысының сөзінше, облыста баспанамен қамту мәселесі алдағы уақытта рет-ретімен шешіледі.
ШЫҢҒЫС ӘРІНОВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
- Мемлекет басшымыздың салиқалы саясатының арқасында осындай керемет шараға жетіп отырмыз. Бұл шараның соңы емес, жалғасы болады. Жалпы Талғар ауданы бойынша бізде 9 мыңдай адам кезекте тұр, оның бәрін жүйелі түрде, кезең-кезеңімен бірге атсалысып жүзеге асыратын боламыз.
Өңірдегі баспана мәселесін шешу үшін 52 млрд теңге қарастырылған. Осы қаржыға 2 жарым мың пәтер сатып алу көзделіп отыр. Бағдарлама облыстағы барлық аудан мен қаланы толық қамтиды.