Бензин 300 теңгеге дейін қымбаттай ма? Энергетика министрі жауап берді
АИ-92 маркалы бензин 300, дизель 400 теңгеге жетуі мүмкін бе? Соңғы кезде желіде желдей есіп жүрген осындай болжамға бүгін Энергетика министрі жауап берді. Ақкенженов қандай да бір болжам жасауды "алғыс алатын іс емес" деп санайды. Ал бағаны соңғы екі жылдан бері сұранысқа қарай нарықтың өзі реттейді. Қазір АИ-92 бензині 253-271 теңге, дизель 356-367 теңге арасында саудаланып жатыр. Мұндай баға алшақтығы жердің шалғайлығына, сәйкесінше тасымал мен сұранысқа байланысты құбылады екен. Дегенмен, баға - нарыққа байланысты бетімен кетеді деген сөз емес. Жанармай құны қатты құбылып жатса Үкімет қажетті шараларды қабылдауға дайын. Соның бірі - елдегі жанармай қоры. Қазір ол толық, мұнай өңдеу зауыттары іркіліссіз жұмыс істеп тұр дейді министр. Сондықтан, баға бірден көтеріліп кетеді деуге негіз жоқ.
ЕРЛАН АҚКЕНЖЕНОВ
ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ
«Баға күрт өссе, мемлекет оны тежеу үшін қажетті шараларды қабылдайды. Бұған қажетті құралдарымыз бар. Ең алдымен, елдегі бензин мен дизель отынының қоры жеткілікті, әрқайсысы 400 мың тоннадан асады. Мұнай өңдеу зауыттары қалыпты жұмыс істеп тұр. Өнім өндіру де, оны қалаларға жөнелту де әдеттегі тәртіппен жүріп жатыр. Қазір жанармайға сұраныстың күрт артуына, салдарынан бағаның қымбаттауына негіз жоқ.»