Райымбек ауданында «Алатау салбұрыны» халықаралық жарысы басталды
Алматы облысының Райымбек ауданында құсбегіліктен «Алатау салбұрыны» халықаралық турнирі басталды. Сарыжаз ауылында өтіп жатқан дүбірлі додаға Қазақстанның 11 өңірінен және Моңғолия, Қытай мен Қырғызстаннан құсбегілер қатысуда. Халықаралық жарысқа 76 қыран құс келді. Сарыжазда бүгін ұлан-асыр той. Ұлттық нақышта безендірілген алаңда қазақтың дәстүрлі үйлері тігіліп, көрме ұйымдастырылған. Жыртқыш құстардың түр-түрінен бастап, аңшы иттеріне дейін осында. Ал турнирдің өзі үш аталым бойынша өтуде. Құсбегілер бүркіт, қаршыға және ителгі салудан бақ сынайды. Жарыс барысында қырандардың иесінің қолына шақырылуы, шырға салу және аңшылық қабілеттері бағаланады.
ҚАЛИОЛЛА ҚАЛИҰЛЫ
ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНАН КЕЛГЕН ҚҰСБЕГІ
- Құс салу деген оңай емес, құсты баптау, ақ жем беру, уақытында түлету, баптау, жазда бағу дегеннің өзі. Құс түлегіне жетпесе, шала түлесе, ұша алмайды, мықты түлеу керек. Ол кезде құсты күзде қайырған кезде бөртпе ақ жем бересің 1 ай. Құс бабына келгеннен кейін өзі алады түлкіні.
Жарыстың жалпы жүлде қоры – 3 миллион теңге. Үш номинацияның әрқайсысында бірінші орын иегеріне 500 мың, екінші орынға 300 мың, үшінші орынға 200 мың теңгеден.
БАЗАРБЕК КҮНТУҒАН
ҚҰСБЕГІЛІКТЕН МЕМЛЕКЕТТІК ЖАТТЫҚТЫРУШЫ
- “Алатау Салбұрына» бүгін 5 мемлекеттен құсбегілер жиналып отыр. Өзіміздің облысымыздың 3 қаласынан, 10 облысынан 100-ге жуық құсбегілер басын қосып жатыр. Осыған дейінде бізде Шығыс Салбұрыны болды, оған дейін Абай Салбұрыны алда жоспарда бар. Енді Алатау Салбұрыны жалғасуда. Бірінші рет халықаралық турнир өтіп жатыр.
Айта кетейік, салбұрын дәстүрі 2013 жылы Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасының ұлттық тізіміне енгізілген. Ал 2026 жылы оны ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізу жөнінде ұсыным берілді. Халықаралық турнир ертең жалғасып, жартылай финалдық және ақтық сайыстар өтеді.