Қоянқұс тұрғындары су мен жөнделген жолдарды күтіп жүр
Жол азабын жүрген білер! Алматы іргесіндегі Қоянқұс ауылының тұрғындары бұл мақалды жақсы біледі және мағынасын күнде көріп жүр. Кешелі бері жауған жаңбырдан кейін мұнда қатынас тіпті қиындады. Қазір көліктің өзімен кіріп-шығу қиын. Алатау қаласына қарасты бұл елді мекен тұрғындары үшін жаңбыр мен қар азапты күндердің бастауы. Жолдың жайы талай көтерілгенімен, жылдар бойы шешімін таппай келеді.
Бұл – таң атқалы Қоянқұс жұртының көрген әуресі. Алатау қаласына қарасты ауыл тұрғындарының бірі жұмысқа, енді бірі сабаққа жете алмай әбден әбігерге түсті.
ШҰҒЫЛА БАЙМҰХАН
ТІЛШІ
- Қарашаның осындай целлофан пакет кигеннен басқа амалы таусылған. Күз келсе, көше тұрғындарының көрген күні осы. Сәл жаңбыр жауса жер ми батпаққа айналып шыға келеді. Көріп тұрғандарыңыздай, мына жолда жаяу тұрмақ, төрт дөңгелекті көліктің қатынауы қиын.
ЗӘЙТҮН ЮЛДАШЕВА
ҚОЯНҚҰС АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
- Су кіргіземіз деп жолдарды қазып, бәрінің быт-шытын шығарды. Бір апта бұрын барлық трубаларды қойып болды. Бірақ осы жаңбыр жауғанша сол бір аптаның ішінде соны жасауға мүмкіндік болды. Олар бірақ жасаған жоқ. Бүгін жаңбыр жауып, жол быт-шыт болды. Таңертең немеремді мектепке апару үшін резеңке етігімді мұнда әкеліп тастап қойып, апардым. Қайтып келгенде тіпті қиын болды.
Мәселенің басты себебі - ауылға тартылып жатқан су желісінің жүргізілуі екен. Мердігер мекеме жерді қазғаннан кейін оны дұрыс жаппай кеткен. Бірақ қайтып келіп, жұмысты толық бітіретініне жергілікті әкім-қаралар сенімді.
БӨРІХАН ӘБДІБАЕВ
АЛАТАУ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
- Мердігер құдықтардың маңайын тегістеп береді. Ал бізде жолды жөндеу бойынша конкурс ойнатылып жатыр. Осы айдың 18-інде аяқталады, сосын осы көшені тегістеп, қалпына келтіріп береміз. Біз жалпы 10 км-ге конкурс ойнатып жатырмыз. Нәтиже қалай шығады, бірден келісімшартқа отырып, жұмысты бастаймыз.
Болашақтың қаласы атанған Алатаудың бұл бұрышында ағайынды алаңдатқан мәселе жалғыз жол емес. Жұрт ауыз судың сағаттап өшетініне де наразы.
ГАУХАР ТҰРСЫНҒАЛИЕВА
ҚОЯНҚҰС АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
- Жарық, сусыз қалып қалып жатырмыз. Бізде осы аптаның ортасында емес, сенбі, жексенбі күндері суды қазып тастайды. Азаннан түнгі сағат 8, 9, 10, 12, тіпті түнгі 2-ге дейін сусыз отырған кездеріміз болды. Балалар жуынып-шайынуы керек. Сусыз, жарықсыз отыру деген мына күннің суығында қиын. Мынандай кішкентай балалар бар.
Бұған да әкімдіктің жауабы дайын.
БӨРІХАН ӘБДІБАЕВ
АЛАТАУ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
- Су мәселесі дегенде, мына жаңадан су желісін тартамыз деп ескі водопроводтарды үзіп алып жатыр. Оның схемасы жоқ, сол бұрынғы Іле ауданында қалған. Сол үшін үзіп алып жатыр. Бір-екі сағат су болмай қалады, бірақ бірден су береді.
Қысқасы, жергілікті әкімдердің жауабы оптимизмге толы. Бір айдың ішінде бәрін шешіп, жарылқаймыз деп уәдені үйіп-төкті. Ал, қоянқұстықтарға бұған сеніп, тағы күтуден басқа амал жоқ.