Алатау тұрғындары әкімге қандай мәселелерді жеткізді?

Бүгін Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов Алатау қаласының тұрғындарына есеп берді. Өңір басшысы қаланың стратегиялық даму бағыттары мен алда атқарылатын қыруар шаруа барысын баяндады. Жергілікті тұрғындардың сұрақтары да қордаланып қалған екен. Еркін форматтағы жиында соның бәріне жауапты әкімнің өзінен алды. 

Алатау - еліміздің жаңа урбанистік моделін қалыптастыратын стратегиялық орталық. Бүгінде шаһар халқы 60 мыңның шамасында. Қаланың өсуіне байланысты инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту басты назарда. Жиында облыс әкімі өңір экономикасының 9 айдағы негізгі көрсеткіштерін баяндап, Алатауда жүзеге асырылып жатқан ауқымды жобаларға тоқталды. Тек инфрақұрылымды дамытудың жол картасы аясында 28 жоба қолға алынған. Бөлінген қаражат 35 миллиард теңгеден асады.

ШЫҢҒЫС ӘРІНОВ 
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
- Алатаудың дамуы, бірінші кезекте тұрғындардың, яғни сіздердің тұрмыс-тіршіліктеріңізден көрініс табуы тиіс. Біз осы нәтижеге жету жолында қызмет етеміз. «Күш – бірлікте» деп халқымыз айтқандай, өздеріңізбен бірлесе отырып, балалардың алаңсыз білім алуына, жастардың ертеңгі күнін осы қаламен байланыстыруына, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне қажетті жағдай жасау басты міндетіміз.

Өңір басшысы азаматтарды жеке мәселелері бойынша да қабылдады. Кең залға жиылған бұқараның сұрақтары жиналып қалған екен. Көбі күнделікті күйбең тірлікке қатысты. Мектеп пен емхана жетіспеушілігі, сапалы жолдар мен жарықтандыру мәселесі - шешімін таппай келе жатқан көп шаруаның бір парасы ғана. Халықтың өтініш-тілегін тыңдаған облыс әкімі әрбір мәселені жеке бақылауына алып, жауапты басқармалар мен мекеме басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

СӘУЛЕ АСҚАРОВА
АЛАТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
- Осы Жетіген ықшам ауданына қай уақытта, қай кезде үлкен емхана ма, әлде аурухана ма салынады?

ШЫҢҒЫС ӘРІНОВ 
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
- Келесі жылы бастауға жоспарымыз бар. Бірақ сол қазір ақша жағын қарастырып жатырмыз. Әрине, міндетті түрде медицина жағынан Алатау қаласының төңірегінде, барлық елді мекендерде жағдай бір деңгейге көтеріледі.

ЖӘНЕЛ ӘЛІМХАНОВА
АЛАТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
- Бүкіл Алатау қаласы бойынша спортшылардың атынан, Жетіген ықшам ауданы спорт кешені құрылысы жайында?

ШЫҢҒЫС ӘРІНОВ 
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ 
- Біздің дене шынықтыру, жаппай спорт бойынша бізде осы әріптестермен бағдарлама құрдық, барлық елді мекендерде спорт нысандарын салатын боламыз. Бұл нақты осы Алатауда бізде екі жоба бар. Жетігенде де бар. Әрине, қаржыға байланысты оның бәрін рет-ретімен шешетін боламыз. 

 Халықпен ашық диалог орнату – әкімдік алдындағы негізгі міндеттің бірі. Өңір басшылығы бұған дейін Балқаш ауданының тұрғындарымен жүздескен болатын. Алдағы уақытта мұндай есептік және ашық форматтағы кездесулер облыстың өзге де аудан-қалаларында жалғасады. 

Сондай-ақ оқыңыз: