«Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшылары ұсталды
Жемқорлық қылмысына қатысы бар! Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың қолына кісен салды. Онымен берген «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Елжас Отыншиев та қамалған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің хабарлауынша, олар пара алуға оқталды деген күдікке ілінген. Екеуі де қазір уақытша ұстау изоляторында. Ведомство әзірге топ-менеджерлердің нақты кімнен, қай жоба бойынша пара алмаққа ұмтылғанын айтқан жоқ. «Самұрық-Қазына» - "ҚазМұнайГаз", "Қазақстан темір жолы", "Қазатомөнеркәсіп", "Air Astana", "Қазақтелеком" және KEGOC сияқты елдің ең алпауыт компанияларын басқарып отырған қор. Нұрлан Жақыпов осы қорды басқаруға үш жарым жыл бұрын келген болатын. Ал Отыншиев «ҚТЖ» басшысы болып биыл шілде айында ғана тағайындалды. Бірақ төрт айға жетпей істі болып отыр. Айта кетейік, бүгін таңертең ғана әлеуметтік желіде ерекше видео тараған-ды. Онда Астанадағы элиталы үйлердің бірінің ауласында долларға толы шабадан, сөмкелер, шашылған ақшаны анық көруге болады. Дегенмен, бұл ақшаның ұсталған екі басшыға қатысы бар-жоғы ресми хабарланған жоқ. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.