Алматы облысы мен Беларусь жаңа жобаларды қолға алады

Алматы облысы Беларусьпен агроөнеркәсіп, инфрақұрылым және инвестиция салаларындағы әріптестікті жаңа деңгейге көтеруге ниетті. Екіжақты ынтымақтастықтың басым бағыттарын өңір басшысы Шыңғыс Әрінов бүгін Беларусь елшісімен талқылады.

Бүгінде облыста беларусь капиталы бар 16 кәсіпорын табысты жұмыс істейді. Енді тараптар өндірістік және агрокооперацияны одан әрі кеңейтпек. Атап айтқанда, өңірдегі ірі снек зауытын сапалы шикізатпен қамту үшін беларусьтік мамандардың селекция тәжірибесіне сүйене отырып, картоп өсіруді жергілікті жерде жолға қою ұсынылды. Ал Беларусь тарапы сүт өңдейтін зауыт салып, оны жабдықтауға ниетті. Бұдан бөлек, фармацевтика саласындағы бірлескен жобалар, су тазарту жүйелерін жаңғырту және коммуналдық желілерге жаңа технологияларды енгізу мәселелері сөз болды.

ШЫҢҒЫС ӘРІНОВ 
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
- Бүгінде Алматы облысы жалпы өңірлік өнім көлемі бойынша еліміздегі көшбасшы бестіктің қатарында. Бізде дайын инфрақұрылым, мол шикізат қоры және қуатты нарық бар. Соның ішінде жаңа Алатау қаласы мен индустриялық аймақтарымыз, кез келген ауқымды жобаға дайын алаң. Біз беларусьтік инвесторларға ең тиімді салықтық преференциялар мен толық мемлекеттік сүйемелдеуді ұсына отырып, осы стратегиялық бастамаларды бірлесіп жүзеге асыруға шақырамыз. 

АЛЕКСЕЙ БОГДАНОВ 
БЕЛАРУСЬ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ
- Алматы облысы бүгінде өте қарқынды дамып келе жатқан өңір. Сондықтан бізге бұл аймақпен тығыз жұмыс істеп, ортақ өндіріс ашудың маңызы зор. Осы себепті бүгінгі кездесуге еліміздің бірнеше ірі кәсіпкерін де бірге ала келдік. Бірігіп атқаратын жұмысымыз екі жаққа да үлкен пайда әкелетініне сенімдімін.

Сондай-ақ оқыңыз: