Той ма, бәсеке ме? Қазақы дәстүрдің қадірі қайда қалды?

Мәні мен мағынасы неге үйлеспей жүр? Айта-айта «жауыр болған» тойдағы ерсі қылық, орынсыз бәсеке, дарақы тірліктің жайы бүгін Қонаев қаласында талқыға түсті. Сонымен, бір кездері татулық пен сыйластықты нығайтатын игі дәстүр болған тойдың қазіргі тәрбиелік маңызы қандай болуы керек? 

Қазақы тойдың өзегі - ағайынның амандығын білу, қуанышты бөлісу, үлкеннің батасын алып, кейінгі ұрпаққа өнеге қалдыру. Алайда бүгінде той өткізу мәдениетіне қатысты сын аз емес. Бірі тойды уақытында бастауға асықпаса, енді бірі мерекелік рәсімдердің санын көбейтіп, шығынның шегінен шығып жатады. Қонақ күтудің де, қуаныш бөлісудің де өз жөн-жоралғысы барын ескерсек, мұндай көріністер той дәстүріне жаңаша көзқарас қалыптастыруды қажет етеді. Тойдың сәні салтанатта емес, салттың сабақтастығы мен тәрбиелік тағылымында дейді бүгінгі жиынға қатысқандар.

ТӨЛЕУЖАН ҒҰМАРОВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ МӘДЕНИЕТ, АРХИВТЕР ЖӘНЕ ҚҰЖАТТАМА БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ
- Тойдың ең бастысы - уақытында басталу деген бір үлкен дүние. Өйткені уақыт өте қымбат әрбір үшін, уақыттан қымбат дүние жоқ. Сондықтан да сол уақытында басталуы және тойда қызмет ететін асабалардың бейәдеп сөздерден арылуы... Жаңағы тойдың өзін жасаудың аты бар тойлар болады. Бірақ дегенмен де бүгінгі күнде бір дәстүрсіз тойлар да еніп кетіп жатыр. 30 жастың тойы, 40 жастың тойы деген тойлар белең алып бара жатыр.

Той өткізу мәдениетінде асабаның атқаратын рөлі ерекше. Соңғы жылдары ойын-сауықтың жаңа түрлері көбейіп, олардың мазмұнына қатысты түрлі пікір қалыптасқан. Әсіресе, орынсыз әзілдер, ерсі ойындар мен әдепсіз билер сынға ұшырайды. Рухани басқосуда осы тақырып та қозғалып, асабалардың жүргізу мәнері, мерекелік бағдарламалардың мазмұны және ұлттық әдеп нормаларының сақталуы жөнінде пікірлер айтылды.

МАДИЯР ПІРІМҚҰЛОВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ БАС ИМАМЫ
-Біздің енді жалпы үндеуіміз бойынша қазақтың тойы салт-дәстүрінің аясында өту керек деп ойлаймыз. Мысалға, жаңағы той басталғанда жар-жардың айтылуы, одан кейін жаңағы ақсақалдың бата беруі. Мысалға, қазір енді кейін жаңағыдай алаңдаушылық білдіретін нәрсе - ақсақал батасын беріп жатса, оған жаңағы асабалар өзінің кері батасын беріп, “саған бата бердім” деп орынсыз сондай бір қалжыңдардың айтылуы. Осы нәрселер болмаса екен деген, салт-дәстүрдің аясында, әдептілік аясында өтсе екен деген осы насихатымызды жеткізу аясында өткізіп жатырмыз.

Тойдың мазмұнына қатысты айтылған ұсыныстардың түпкі мақсаты — ұлттық құндылықтарды бүгінгі заманмен сабақтастыра отырып, мерекелік мәдениетті жаңа деңгейге көтеру. Қатысушылар отбасылық ортаға жат әрекеттерден арылып, әрбір басқосудың тәрбиелік сипатына мән беруді, уақыт тәртібі мен қонақ әдебін сақтауды да назардан тыс қалдырмады.

Сондай-ақ оқыңыз: