Саяжай тұрғындары автобусқа сыймай жүр
Қонаев қаласының маңындағы сегіз саяжай енді шаһар құрамына енеді. Бас жоспар сондай. Бірақ мәртебе қағазда өзгергенімен, тұрғындардың тұрмыстық түйткілі әзір өзгермейтін сыңайлы. Соның бірі қатынастың жайы. 9 мыңнан астам тұрақты тұрғыны бар саяжай аумағында қоғамдық көлік тапшы. Таңертең автобусқа сыймай, сабағынан кешігетін оқушылар көп. Мәселенің мән-жайын әріптесім біліп қайтты.
Автобус мәселесі - саяжай тұрғындарының басты назы. Өйткені, таңда балалар мектепке асығып орынға таласады, үлгермегені келесі автобусты күтеді. Күн суытып, қыс түскен мезгілде балалардың аязда тоңып, көлік күтіп тұруы тіпті қиын. Жұртшылық бұл түйткілді бөлек бағыт ашу арқылы шешу керек деп отыр.
АРАЙЛЫМ ЖАЙЛАУБАЕВА
САЯЖАЙ ТҰРҒЫНЫ
«Оқушыларға бөлек автобус шықса, үлкендерге бөлек, оқушыларға бөлек. Өйткені оқушылар қазір күн суытып келе жатыр, оқушылар жаурап қалады, автобусқа сыймай қысылысады, сабақтан кешігеді.»
Қапшағай автопаркінің басшылығы бұған қатысты басқа пікірде. Қазір қала аумағындағы жолаушылар ағынын қалыпты ұстап тұру үшін барлығы 33, соның ішінен қос саяжайға 17 автобус бар екен. Тасымалдаушының мәліметінше, көліктердің жүру интервалы 10 минутты құрайды. Бұл кесте осы аумақтарды толығымен жабуға тиіс.
МҰРАТ МӘЛІК
«ҚАПШАҒАЙ АВТО» АВТОБУС ПАРКІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Қала бойынша таңертеңгі уақытта, түскі уақыттарда, кешкі уақыттарда автобустардың саны жеткілікті. Бәріне үлгеріп автобустар қызмет жасап жүр.»
Белгілі болғандай, дәл қазір саяжай бағытына қосымша автобус шығару қарастырылмаған. Дегенмен, автопарк келер жылы 8 жаңа көлік сатып алуды көздеп отыр. Мәселе сол кезде оң шешімін табуы мүмкін. Ал әзірге тұрғындарға қазіргі жағдайға көнуге тура келеді. Саяжайлардың қала аумағына өтуі аймақтың болашақ даму бағытын айқындағанымен, оқушылар үшін ауқымды жоспарлар ең алдымен таңғы қарбаласта автобустан орын табудан басталып тұр.