Алматыны нөсер жауын басты: метроға дейін су кірді
Алматының жаңаша жасалып, мақтауы асырылған көшелері бірінші жауынға төтеп бере алған жоқ. Бір күнгі нөсер ала жаздай жасалған жұмыстың шалалығын көрсетті. Көл боп аққан су метро бекетіне дейін басып қалған. Алатау метробекетінің бүгінгі кейпі осы. Кіреберіс жер белуардан су. Алматы метрополитені баспасөз қызметінің мәліметінше, нөсер жауын салдарынан қаланың су бұру жүйесіне шамадан тыс салмақ түскен. «Алатау» станциясына жиналған су соның кесірінен. Нөсер жауын метромен қоса, қаланың бірнеше ауданында көшелер мен аулаларды басты. Коммуналдық қызметтер бүгін күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. 3 мыңға жуық адам тартылған бірнеше бригада бітелген арықтарды ашып, су басқан аумақтарды арнайы техникамен тазалауда. Ол үшін мыңға жуық техника көшеге шығыпты. Коммуналшылардың қуанышына орай, жауын ұзаққа бармайды деп отыр ауа райын болжаушылар. Ертең-арғы күндері күн ашылады деп күтілуде.
АЛМАС ҚЫДЫРӘЛИЕВ, АЛМАТЫ МЕТРОПОЛИТЕН КМК ҚОЗҒАЛЫС ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСШЫСЫ
- Таңғы сағат 8:00-де түнгі жаңбырдың суы мына Абай көшесі мен Жароков көшесі қилылысынан асып, осы жолаушылар өткеліне су кірді. Сағат 8:05 біздің апаттық жағдайды жою қызметіміз осында жедел жетіп, жарты сағаттың ішінде осы өткелді судан құрғатты. Енді қазір тазалау жұмыстары жүріп жатыр.