Қазақ киносының аңызы: Абдолла Қарсақбаевқа 100 жыл

Абдолла Қарсақбаевтың 100 жылдық мерейтойы Жамбыл ауданында қорытындыланды. Тағылымды кешке өнер майталмандары, мәдениет және зиялы қауым өкілдері жиналған. Әйгілі режиссердің шығармашылық мұрасы мен қазақ өнеріне сіңірген өлшеусіз еңбегі еске алынды. Ұлт руханиятында өшпес із қалдырған тұлғаның өнегелі өмірі мен өнердегі өрнегі кеңінен дәріптелді.

Абдолла Қарсақбаев қазақ киносының алтын қорына енген «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «Қилы кезең», «Алты жасар Алпамыс» сынды туындыларымен ел жадында мәңгі сақталды. Мерейтойлық кеште актер Дулыға Ақмолда әйгілі режиссердің бейнесін сомдап, көрерменге оның тұлғалық болмысын сахналық қойылым арқылы танытты.

БОЛАТ ҚАЛЫМБЕТОВ 
ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН АРТИСІ 
- Қазақ киносына пропаганда, келе жатқан ұрпаққа. Сонан кейін қарасаңыз, Абдолла ағаның фильмдерінде ұлттық код бар. Мына біздің ұлттық дәстүріміз, қазақтың психологиясы, балалардың жаны, балалардың сезімі қандай керемет берілген.

Абдолла Қарсақбаев фильмдері арқылы тұтас бір буынды тәрбиеледі. Әр фильміндегі қызықты, маңызды бөліктері бүгін сахнада көрсетілді. Жалпы биыл аты жер жарған кинорежиссерді еске алу үшін жүзден астам шара ұйымдастырылыпты.

ӘНУАР ҮМБЕТӘЛИЕВ 
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ МӘДЕНИЕТ, АРХИВТЕР ЖӘНЕ ҚҰЖАТТАМА БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ 
- Абдолла Қарсақбаевтың осы міне Түркі елінде, Стамбұл қаласында Қорқыт ата кинофестивалі өтті. Сол кинофестиваль аясында 5 қараша күні Абдолла Қарсақбаевтың киносын көрсету, сонымен қатар халықаралық деңгейде насихаттау үшін біздің Алматы облысынан делегация барды. 

Биыл кинорежиссердің 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО аясында халықаралық деңгейде аталып өтуде. Мерейтойлық шаралардың қорытынды кезеңі желтоқсан айында Париж қаласында өтеді деп жоспарланған.

Сондай-ақ оқыңыз: