Жалпақсай тұрғындары 28 жылдан бері мәдениет үйін қайтара алмай жүр

Қарасай ауданында тұтас бір ауылдың тұрғындары мәдениеттен шет қалды. Дәлірек айтса, мәдениет үйінен. Жалпақсай елді мекеніндегі жалғыз мәдениет ошағы ертеректе сатылып кеткен. Жекеге өткен нысанда қазір мүлде басқа бағыттағы шаруалар атқарылып жатыр.  

ШҰҒЫЛА БАЙМҰХАН
ТІЛШІ
- Жалпақсай ауылындағы мәдениет үйінің қазіргі сиқы осындай. Бұрын мәдени іс-шаралар өтіп, жастар бас қосатын орын қазір оңалту орталығына айналған. Қандай дейсіз бе? Қазір мұнда алкогольге, ойынқұмарлыққа және нашақорлыққа тәуелді жандар ем алады.

Бұл ғимарат 1999 жылы жекенің қолына өтіп кеткен. Содан бері ауыл тұрғындары кешенді мемлекет меншігіне қайтаруды сұрап келеді. Мәдениет үйі бола тұра, жылдар бойы концерттер мен кештерге жертөле мен далада дайындалудан шаршадық дейді тұрғындар.

ЗӘУРЕШ МҰХАМЕДОВА 
ЖАЛПАҚСАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
- Халықты алаңдататыны – ауылымызда мәдениет үйінің жоқтығы. Балаларымыз музыкамен айналысып, өнерін дамытқысы келеді бірақ, мүмкіндік жоқ. Тіпті, музыкалық сабақтар жертөледе өткізіледі. Мәдениет үйі – ауылға өте қажет.

ҚАДИША ҚАБДЕНОВА
ЖАЛПАҚСАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
- Бізде республикаға белгілі қорымыз бар, «Парасат» деген. Көрінген үйдің есігінде қаңғырып жүргенімізге 10 жыл болды. Даже анау далаға барып ән айтқан күндер де болды. Республикадан атақ алып келдік. Бірақ көрінген үйде қаңғырып жүрміз. Дом культурамызда адам жейтін иттерді бағып отыр.

Негізі жер телімінің нысаналы мақсаты әлі де мәдениет үйі болып белгіленген. Әйтсе де қазіргі иесі нысанды басқа мақсатта пайдаланып отыр. Ал жергілікті әкімдіктің қолынан келер қайран жоқ. Соттасып та ештеңе өндіре алмаған.

КАМШАТ ҚАСЫМБЕКОВА 
ҰМТЫЛ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
- Бұл мәдениет үйіне қатысты былтыр Қарасай ауданының прокуратурасы сотқа арызданған. Бастапқыда сот оң шешім шығарғанымен, апелляциялық соттан кейін шешім өзгеріп, талап қанағаттандырылмады. Сондықтан ғимарат сол күйі қалып отыр. Осыдан 3–4 жыл бұрын мәдениет үйінің иесі бағалау жұмыстарын жүргізіп, ғимаратты 160 миллион теңгеге сатып алуды ұсынған. Алайда мұндай қаражат болмағандықтан, мәселе шешімін таппаған.

Кезінде концерттер мен өнер кештері өткен ғимараттың бір бұрышында қазір иттер бағылып жатыр. Тұрғындардың айтуынша, сол иттердің бірі былтыр босап кетіп, балалардың бірін талап тастаған. Сол кезде ауыр жарақат алған жасөспірімнің бірі содан бері сотқа да жүгініп, әділдікке қол жеткізе алмай жүр екен.

ЕКАТЕРИНА БУРМИСТРОВА 
ЖАЛПАҚСАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
- Менің баламды былтыр осы жердің иті талады. Бір жарым жылдан бері әлі емделіп, соттасып жүрміз. Бала көшеге шығуға, бұрын футбол ойнаған стадионға баруға қорқады. Осы ғимараттың мәселесін біржақты шешсе екен. Тұрғындар қайтадан мәдениет үйі болғанын қалап отыр.

Дәл осындай мәселе Алмалыбақ ауылында да өзекті. Онда да мәдени нысан жекенің қолына өтіп, көп ұзамай мейрамханаға айналған. Жалпы, қазір Ұмтыл ауылдық округіне қарасты төрт ауылға бір ғана мәдениет үйі қызмет көрсетіп тұр.

Сондай-ақ оқыңыз: