Жас кәсіпкерлердің тың идеялары: Alatau Hub-та Demo Day өтті

Алматы облысының 13 стартап-командасы тың идеяларын нақты жобаға айналдырып, өз әзірлемелерін көпшілікке ұсынды. Startup Orda бағдарламасы аясында жас кәсіпкерлер үш ай бойы жобаларын жетілдіріп, оларды жүзеге асыру жолдарын қарастырған.

Байқау нәтижесі Alatau Hub алаңында өткен Demo Day шарасында қорытындыланды. Жас кәсіпкерлердің жобаларын облыстық цифрлық технологиялар басқармасының, Astana Hub пен Sergek Group өкілдерінен құралған қазылар алқасы бағалады. Әр командаға жобасын таныстыруға үш минут, ал қойылған сұрақтарға жауап беруге екі минут уақыт берілді. Байқау жеңімпаздары Астанада өтетін Pizza Pitch алаңына қатысуға мүмкіндік беретін сертификатқа ие болады.

АСХАТ ЖАНБОСЫНОВ
ALATAU HUB АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
«Бағдарламаның алғашқы жемісі де жоқ емес. Бірқатар стартап өз жұмысын бастап, алғашқы табысын тауып үлгерген. Ал кейбірі жеке компаниялармен әріптестік орнатып, жобаларын тәжірибе жүзінде сынақтан өткізуде. Бұл жас кәсіпкерлер үшін үлкен жетістік әрі мол тәжірибе. Алматы облысының бұл бағыттағы мүмкіндігі зор. Өңірде 460 мыңнан астам оқушы мен студент бар. Жастардың тың идеялар мен жаңа технологияларға қызығушылығы жоғары.»

Сондай-ақ оқыңыз: