Екі жылда 500 жылқы ұрланған ба? Жамбыл ауданында жұрт наразы
Екі жылда 500 бас! Жамбыл ауданында жұрт мал ұрлығының өршуіне наразы. Көктемде көтеремін сүйеп, жаздың шіліңгір ыстығында соңынан қалмай бағып, күзге қарсы қом жинаған жылқы бір түнде ұрының жетегінде кетіп жатыр. Ал қылмыстың жолын кесіп жатқан ешкім жоқ. Жоғалған малының ноқтасын ұстап қалған шаруалар енді кімнен көмек сұрарын білмейді. Мәселенің мән-жайын Құрманжан Қасымжанұлы біліп қайтты.
Ауылдағы Мәдениет үйіне таңертең жиналған жүзге жуық тұрғынның проблемасы біреу. Өрістегі жылқы ұры-қарының жетегінде кетіп жатыр. «Мал ашуы — жан ашуы» деген наразы шаруалардың кездесуге келген полиция және прокуратура өкілдеріне қатқыл үнмен тіл қатуы да сондықтан.
ТӨЛЕНДІ ОСПАН - ҚЫЗЫЛӘСКЕР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
- Ұрлық Жамбыл ауданында өршіп тұр. Ол мүмкін 500-ден асып кетер, мүмкін төмен болар. Менің үш бас жылқым кетті. Бірақ менің есігімнің алдынан 10 бас жылқы кетіп отыр. Үш құлынды бие, екі байтал, бір ту бие, бір айғыр. Ал полицияның жұмысына менің өзімнің көңілім толмайды.
Әлеуметтік желі мен БАҚ беттерінде Жамбыл ауданындағы асқынған мал ұрлығы туралы ақпарат кеңінен тарағалы полицейлер де жылы бүркеніп тыныш жата алмаған сыңайлы. Жамбыл және Еңбекшіқазақ аудандарында мал ұрлығымен айналысқан екі қылмыстық топ құрықталыпты. Десе де, шаруалар барымташылардың әлдеқайда көп екеніне сенімді. Іс осылардың ізімен ғана су аяғы құрдымға кетпесе болды деп налып отыр.
НҰРЖАН ӨТЕБАЕВ - ҚАРАҚЫСТАҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
- Ауылдың балалары, ұйымдасқан топ ұсталып отыр. Олар қазір қорада тұрған малды ғана мойындап отыр дейді. Қалғандарын мойындап жатқан жоқ. Сол себептен жиналып отырмыз. Олардың ата-аналары жағдайы бар, кәдімгідей балалар. Енді білмейміз не боларын.
ЖАНДОС ҚОЙШЫБАЙҰЛЫ - САУРЫҚ БАТЫР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
- Бұл ұсталған төрт бала жас балалар. Бұлардың артында үлкендері бар ғой. Соларды шығару керек. Осы төртеуімен бітіп қалса болмайды.
Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарына, әсіресе мал ұрлығына қатысы бар адамдарға мүлде аяушылық танытпай, қатаң жазалауды ескерткен болатын. Ал полицейлер мал ауылдан емес, өрістен жоғалады деп, шаруалардың сөзін теріске шығарып отыр. Десе де, байырғы әдетінше, бұл істің бетін ашу үшін бар күшімізді саламыз дейді.
БЕРІК ҚАПАСОВ - ЖАМБЫЛ АУДАНДЫҚ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ
- Ұрланып жатқан малдың бәрі шалғай жайылымда, ауылдан 5–6, кейбірі 10–15 шақырым жерлерде жоғалады. Кейбір малдың иелері Алматы қаласында, басқа жерлерде тұрады. Қазір ұсталған бірінші топ бойынша фактілер тіркелді, екінші топ екі мал ұрлығы бойынша қылмысын мойындап отыр. Қазір тексеру, жедел-іздестіру жұмыстары жүріп жатыр. Әлі де қылмыстар ашылуы мүмкін. Екі ай срок бар, анықтаймыз.
Қыстың аязына тоңып, жаздың аптабына күйіп, терін төгіп тапқан шаруаның малын бір түнде тебінгі сауған ұры осылай құтылып кете бере ме?! Жоқ, елде жоғалған түлік иесін тауып, жазықтылар жазалана ма?! Ол әзірге белгісіз. Бірақ полиция іске шындап кірістік деп уәдені үйіп-төкті.