«Жеті қазына – жеті кітап»: Қонаевта әдеби марафон өтті
Кітап - ұлттың рухани қазынасы, әдебиет - ұрпақтың жүрегіне жол тартар асыл мұра. Осы құндылықтарды дәріптеу мақсатында Қонаев қаласында «Жеті қазына – жеті кітап» атты облыстық әдеби марафон өтті.
Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен өткен додаға Жамбыл және Қарасай аудандарының командалары қатысып, әдеби білімдері мен шығармашылық қабілеттерін ортаға салды. Марафон бес кезеңнен тұрды. Қатысушылар «Оқы», «Талда», «Пікір білдір», «Сахнала» және «Білгірлер бәйгесі» кезеңдерінде көркем шығармалардың мазмұнын зерделеп, әдеби танымын, ой ұшқырлығы мен сөз саптау шеберлігін танытты. Ұсынылған жұмыстар мен тест тапсырмалары қазылар алқасының сараптауынан өтіп, мазмұны, тақырыпқа сәйкестігі және шығармашылық ерекшелігі бойынша бағаланады. Барлық аудан-қалалардың қатысуы аяқталған соң марафон қорытындыланып, үздіктер дипломдармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталмақ.
САЛТАНАТ БЕСПАЕВА
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ ЖӨНІНДЕГІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
«Кітапты жай ғана оқып қана қоймай, сол кітапты қалай жүрегімен түсініп, жазушының ойын түсіну керек. Соған талдау жасап, өзіне бір түйіндеу керек қой және де әрине кез келген кітаптың жағымды және жағымсыз кейіпкерлеріне талдау жасап, соның жағымды жағын өзінің бойына сіңірсе оқырман – біздің негізгі мақсат орындалды деп біз білетін боламыз.»
МӨЛДІР МОЛДАҒАЛИЕВА
ҚАЗАҚ ТІЛІ МЕН ӘДЕБИЕТ ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ
«Бұл іс-шараға бір жарым айдан астам уақыт берілді жеті кітап оқуға. Жеті кітапты бір емес, екі реттен оқып шығуға үлкен мүмкіндік болды. Тек қана өзіміз емес, осы «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында тек қана педагогтер емес, барлық мектеп, отбасымызбен, оқушылармен барлығымыз бірге қатысып отырып, оқитын шығармалар.»