Көл жекеге өтті, ауыл тұрғындары жағалауға жете алмай жүр

Іргедегі көлдің пайдасынан, зияны көп! Қарасай ауданындағы Жалпақсай ауылының тұрғындары осындай шағым айтып отыр. Ауыл балалары шомылып, үлкендері балық аулап, ермек қылып жүрген көл біраз уақыт бұрын жекенің қолына өтіпті. Жаңа қожайын судың айналасын керемет демалыс аймағына айналдырады деп жүргенде, керісінше, күл-қоқысқа толтырды дейді тұрғындар. Жалпақсайлықтардың арызын тілшіміз тыңдап келді. 

Ауыл іргесіндегі атшаптырым аумақта көл болғанмен, жалпақсайлықтардың балыққа деген құмарлықтан шөлі қанып көрмегелі 25 жылға жақындаған. Көл қазір жекенің қолында. Содан бері жағалауға жете алмай, қармағымызға сүйеніп қалдық дейді тұрғындар. Жазда да жағасына аттап баса алмайды екен. Өйткені, бағасы удай. Жұртты алаңдатып отырған тағы бір мәселе – көлдің жағдайы. Соңғы уақытта қоқысқа әбден былғанып бітті дейді ашулы ауылдықтар.   

ИВАН КРЕСИК - ЖАЛПАҚСАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
- Мен мұнда 1975 жылдан бері тұрып келемін. Біз сол кезден бастап келіп балық аулайтын едік. Емін еркін демалатынбыз. Мұндай ақылы деген дүние болмаған. Тіпті 80 жылдардың соңында осында бүкіл одақтық балықшылардың басын қосып ауқымды сайыс та өткізген.

ВЛАДИМИР ОМАРҚҰЛОВ - ЖАЛПАҚСАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
- Жазда шомылуға шектеу қойды. Былай өзің кірсең айыппұл төлейсің. Міне 25 жыл болды. Мұнда балық та қалған жоқ. Айналасының бәрі қоқыс. Біздің тілегіміз осы Жалпақсай ауылының тұрғындары осында емін еркін келіп жүретін болса дейміз.

Негізі бұл табиғи көл емес, 1964 жылы салынған іргелі су қойма. Етектегі 1800 гектар егістік алқапқа тіршілік нәрін жеткізеді. Ал тоғанның қазіргі пайдаланушысына жергілікті әкімдіктің де көңілі толмайды екен. Су пайдаланушы есебінде тіркелген кәсіпкер балық өсіруді жоспарлаған. Бірақ бәрі қағаз жүзінде қалған сыңайлы. Балық түгілі қазір көлдің тазалығы да тиісті деңгейде емес. Сондықтан, жауапты шенеуніктер сотқа жүгінген. 

НҰРДОС НАҒАШЫБЕКОВ - АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ СУ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МЕКЕМЕСІ ҚАРАСАЙ АУДАНЫ БОЙЫНША УЧАСТОК БАСШЫСЫ
- Бізде 2018-де екінші су пайдаланушы - «ЖШС „КХА СОКОЛ“» болды. Оны қазір сотқа беріп күшін жойып жатырмыз. Екі соттан жеңдік. Қазір күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Платинаны бетондайды. Телласын түзейді. Бейне бақылау жүйесі қойылады. Мусордың бәрі алынады. 

Облыстық су ресурстар басқармасындағылар бәрін шешуге уәде берді. Айтуларынша, күрделі жөндеу жұмыстары басталып кеткен. Содан кейін айналадағы қоқыс та толықтай тазарады екен. Бірақ, қойма суына  шомылуға мүлде рұқсат жоқ. Себебі соңғы жылдары көлде мерт болғандар саны артыпты. Тек былтырдың өзінде осындай қараусыз су қоймалары мен тоғандарда шомылған 8 адам бақилық болған. Ал балық аулағысы келетін тұрғындар тілегі көп ұзамай шешіледі дейді жауаптылар.

Сондай-ақ оқыңыз: