Алматы облысында жемқорлық 28,5%-ға азайды
Сыбайлас жемқорлықпен күресте Алматы облысындағы ахуал біршама жақсарған. Жыл басынан бері тіркелген заңбұзушылықтар саны өткен жылмен салыстырғанда 28,5% азайыпты. Өткен жылы жемқорлыққа қатысты 28 дерек тіркелсе, биыл оның саны 20. Көрсеткіш көңілге медеу болғанымен, бұл бағыттағы жұмысты босаңсытуға негіз жоқ. Керісінше, кеселдің алдын алып, оның тамырына балта шабу үшін жүйелі шараларды күшейту көзделуде. Әсіресе, мемлекеттік қызмет көрсету ісіндегі ашықтықты қамтамасыз ету, қазына қаржысының мақсатты жұмсалуын қадағалау, сондай-ақ субсидия бөлу барысындағы әділдік пен заңдылықты сақтау басты назарда болмақ. Облыстық әкімдікте өткен бүгінгі жиында ауыл шаруашылығы саласына субсидия бөлу, денсаулық сақтау мекемелеріндегі бюджет қаражатының жұмсалуын қадағалау мәселелері де көтерілді. Сонымен қатар, жауапты басқармалар мен қала, аудан әкімдеріне жемқорлық тәуекелдерін жою, мемлекеттік жерлерді заң талаптарына сай пайдалану және тұрғындарға қызмет көрсету кезінде негізсіз кедергілерге жол бермеу тапсырылды.
МАДИЯР ИСЕБАЕВ
ҚР МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ АГЕНТТІГІ АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Осы сыртқы талдау барысында бізде Денсаулық сақтау басқармасына қарасты үш мекеме қаралған болатын. Сол үш мекемеде заң бұзушылық фактілері көп орын алды. Бір мекемеде жаңағы мемлекеттік сатып алу заңбұзушылықтары анықталды. Сондай-ақ энергетика саласынан техникалық рұқсаттама қағаздары бір жылға дейін созылған фактілер анықталды.»