Байсерке ауылы сасық иіске тұншығып отыр
Ауылдың ортасынан өтетін арыққа тұрғындар түгел қарсы. Өйткені сарқынды судың иісінен тыныстау мүмкін болмай қалған. Байсерке ауылының тұрғындары бүгін өз шағымдарын айтып, арыздарына құлақ асатын шенеунік жоқ екенін жеткізді. Бұл - талайдан бері құзырлы орындардың табалдырығын тоздырып, шаршаған Байсерке ауылының тұрғындары. Айтуларынша, 10 жылдан бері қалдық судың иісіне тұншығып отыр. Ал лас су елді мекен маңындағы өндірістік кешендерден шығады деп сенеді. Соның салдарынан кейбір тұрғындардың денсаулығы да сыр берген.
АНАР ЖӘБІКЕНОВА - БАЙСЕРКЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
- Ары-бері серуендеуге шығамыз, сонда жүре алмаймыз. Сасық иіс сұмдық шығады. Су аққан кезде сабын су сияқты көбіктеніп тұрып ағады. Көкпеңбек лай. Көзімнен жас ағады. Мұрнымнан су ағады. Үнемі ауырып жүрем осы жерден. Үй осында. Сол судың салдарынан қатты аллергия болып тұрады.
БОЛАТ ИМАНБЕКОВ - БАЙСЕРКЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
- Күн ыстықта келсе, мүлде мүмкін емес. Сасығанда есік-терезе аша алмайсың. Бала-шаға шыдамай кетеді: «Үй сасып кетті» деп.
Тұрғындардың айтуынша, лас су бетон жолдың арғы бетіндегі «Даму» логистикалық кешенінен келеді. Жолдың бергі бетінде де су қоймасынан ағып жатқан жылға бар. Алайда тұрғындар оны таза деп отыр. Соған қарамастан, екеуінен де құтылғысы келеді. Ал жергілікті шенеуніктердің пікірі басқа. Оқиға орнына келген ауыл әкімінің орынбасары «Даму» кешенінің кінәсі жоқ екенін алға тартты.
САМАТ ӘБСАМАТОВ - БАЙСЕРКЕ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
- Аудан әкімінің орынбасары, облыстық департаменттен құралған комиссия барып, «Дамудың» артқы жағын бәрін түгел араладық. Ол жақта арнайы БАБИ-дан рұқсат алған өз колодысы бар, Алматинкаға кетіп жатыр. Бұл жаққа жер асты сулары ағып жатыр. Енді сасық иіс сол тасталған қоқыстан шығады.
Әкім орынбасарының уәжімен ауыл тұрғындары келіспейді. Олардың бұған өз дәлелдері де бар.
БОЛАТ ИМАНБЕКОВ - БАЙСЕРКЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
- 100 пайыз сенімдіміз. Әуелі өздері былтыр бізді шақырып, суды басқа жақпен әкетеміз деп сөз берген. Алайда әлі түк істеген жоқ қой. Осы арықпен жағалап барсаңыз, су «Дамудан» шығып жатыр.
Тұрғындардың сөзінен кейін біз де арықтың бойымен жүріп көрдік. Десе де «Даму» жақтан келіп жатқан су көп емес. Тұрғындар сарқынды суды түнде ағызады деп күдіктенеді. Ал ауылдықтарды алаңдатқан тағы бір мәселе бар.
ҚҰРМАНЖАН ҚАСЫМЖАНҰЛЫ - ТІЛШІ
- Тұрғындардың айтуынша, әуел баста бұл жерден жер учаскелерін сатып алған кезде мұндай су болмаған. Кейін «Дамудан» шыққан сарқынды су аулаларға жайыла бастаған соң, ауыл әкімдігі келіп, мынадай арық жүйесін қазыпты. Қазір осы арықтың салдарынан үш көшенің тұрғындары өз учаскелеріне кіре алмай отыр.
ЕРКЕБҰЛАН ТӨЛЕУБАЕВ - БАЙСЕРКЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
- Мұнда бір көшенің өзінде 20-дай үй бар болса, үш көшеде 60-тай үй бар деген сөз. Олар үйіне кіре алмай, құрылысын жүргізе алмай отыр. Осы арықтың салдарынан. Мына жақта асфальт бар, мына жақта жоқ. Ал арықты ешкім мойнына алғысы келмейді.
Мұндағы жер учаскелері жеке меншікке тиесілі. Сондықтан әкімдік өкілдері бұл аумақта енді ештеңе істей алмаймыз деп отыр.
ҚҰРМАНЖАН ҚАСЫМЖАНҰЛЫ - ТІЛШІ
- Елді мекен ішін аралап аққан лас су мен тұрған тұстан өтіп, оң жақ іргемдегі Кіші Алматы өзеніне құйып жатыр. Осылайша экожүйеге айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін. Бұл мәселе жуық арада оң шешімін таба ма, жоқ па - әзірге белгісіз.