Дауыл Бәкіртайдың өлімі: жақындары әлімжеттік болғанын айтады

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жатақханасында қайтыс болған студент бүгін жер қойнына тапсырылды. Түркістан облысында өткен қоштасу рәсіміне келген жұрттың қарасы қалың. Дауыл Бәкіртайдың өліміне жоғарғы курс білім алушыларының әлімжеттігі себеп болды дейді жақындары. Осы оқиғадан кейін университетте де біраз жауапты басшы жылы орындарымен қош айтысқан.

Ару қала Алматыға арман қуып, білім іздеп келген Дауыл Бәкіртайдың тағдыры 16 қарашаға қараған түні қыршыннан қиылды. Кім кінәлі, қалай болды? Ресми нұсқа әлі айтылмады. Бірақ, қайғыдан қан жұтқан ата-ана әлімжетттіктің болғанына сенімді. Айтуларынша, Дауылды өзінен жоғары курста оқитын 8 студент жабылып ұрған. Бірі тіпті кеуде тұсынан электрошокермен ұрған дейді марқұмның жақындары.  

САТЫЛХАН ОРДАБАЕВ
МАРҚҰМНЫҢ ТУЫСЫ
«Естуіміз бойынша түнгі сағат 12-де топтық төбелес болған. Екінші курстың балалары түнде бірінші курстың балаларын тұрғызып қойып ұрған. Дедовщина ғой.»

ДИАС ТҰРСЫНБЕК
МАРҚҰМНЫҢ ДОСЫ
«Универде бірге бірақ екі факультетте оқимыз. Бірінші курстың екі баласы, екінші курстың сегіз баласы жабылып ұрған. Негізі Дауылды бәрі біледі ол өте мықты бала. Осы жердегілердің бәрінен сұрасаңыз. Ол шынымен анау-мынау ударға құламайды, оған шынымен бір нәрсе қолданған ғой. 

Қайғылы оқиғадан кейін Қазақ Ұлттық университеті де ішкі тексеру жүргізіп, бірнеше қызметкер жұмыстан босатылған. Дәлірек айтсақ, жатақханадағы қауіпсіздікті қамтамасыз ете алмағаны үшін проректор мен География және табиғатты пайдалану факультетінің деканы жылы орнымен қош айтысқан. Сол күні кезекшілікте болған қызметкерлер де жұмыстан шеттетіліпті. 

БАҚТИЯР ТАЛҒАТҰЛЫ
ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰУ АҚПАРАТ ЖӘНЕ КОММУНИКАЦИЯЛАР ДЕПАРТАМЕНТІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ М.А
«Бұл жағдайдың барлығы бірінші курс студенттері арасында болып жатқан дүние ғой. Енді оқу процесі басталғаннан кейін үйренісу бар дегендей. Ал жалпы университет тарапынан әр студентпен психологтар айналысады. Қандай да бір шағымдарыңыз болатын болса айтыңыздар, келіңіздер деп. Біз оны арнайы қарайтын әрбір жеке тұлғамен жұмыс жасайтын бөлімдер бар.»

Еске сала кетейік, бұл университетте соңғы он күнде болып отырған екінші қайғылы жағдай. Бұған дейін, студенттер қалашығында басқа факультеттің бірінші курсында оқитын қыз қайтыс болған еді. Оның да себебі әлі айтылмады. Осындай жағдайдың жиілеуіне байланысты, Ғылым және жоғары білім министрлігі Қазақ Ұлттық университетіне мониторингтік топ жіберетін болды. Олар студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өмірі мен денсаулығын қорғауға қатысты шаруалар мен тәрбие, әлеуметтік-психологиялық және профилактикалық жұмыстардың тиімділігін бағаламақ.

Сондай-ақ оқыңыз: